Главная | Обратная связь | Поможем написать вашу работу!
МегаЛекции

Бап. Бiрнеше бала асырап алу




1. Бiр адамның ағалы-iнiлi және апалы-сiңлiлi (қарындасты) болып табылатын немесе өзара туыстық қатынасы жоқ бiрнеше баланы асырап алуына болады.

Өзара туыстық қатынасы жоқ асырап алынған балалардың арасында ағалы-iнiлi және апалы-сiңлiлi (қарындасты) сияқты құқықтар мен мiндеттер пайда болады.

2. Асырап алу балалардың мүдделерiне сай келетiн жағдайларды қоспағанда, ағалы-iнiлер мен апалы-сiңлiлердi (қарындастарын) әртүрлi адамдардың асырап алуына жол берiлмейдi.

80-бап. Бала асырап алуға құқығы бар адамдар

1. Бала асырап алуға бала асырап алушы адамның отбасында баланың қалыпты дамуы, тәрбиеленуi және бiлiм алуы үшiн жағдайлар болған кезде рұқсат етiледi.

2. Мыналарды:

1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеттiлiгi шектеулi деп таныған адамдарды;

2) сот бiреуiн әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеттiлiгi шектеулi деп таныған ерлi-зайыптыларды;

3) сот арқылы ата-ана құқықтарынан айырылған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;

4) өзiне заңмен жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншылық (қамқоршылық) мiндеттерден шеттетiлген адамдарды;

5) егер өз кiнәлары бойынша сот шешiмiмен бала асырап алудың күшi жойылса, бұрынғы бала асырап алушы адамдарды;

6) денсаулық жағдайы бойынша ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, қай жыныстан болса да кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар бола алады. Баланы асырап алуға, оны қорғаншылығына (қамқоршылығына) алуға, патронатқа алуға болмайтын адамның бойындағы ауруларының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

3. Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын адамдардың белгiлi бiр баланы бiрлесiп асырап алуына болмайды.

81-бап. Бала асырап алушы мен асырап алынушы
баланың арасындағы жас айырмасы

1. Некеде тұрмайтын асырап алушы мен асырап алынушы баланың жас айырмасы кем дегенде он алты жас болуы тиiс. Сот дәлелдi деп таныған себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкiн.

2. Өгей әкесi (өгей шешесi) бала асырап алғанда, осы баптың 1-тармағында белгiленген жас айырмасы талап етiлмейдi.

82-бап. Бала асырап алуға ата-аналардың,
қорғаншылар мен қамқоршылардың келiсiмi

1. Баланы асырап алу үшiн оның ата-аналарының келiсiмi қажет. Жасы он алтыға жетпеген, кәмелетке толмаған ата-аналардың баласын асырап алғанда, сондай-ақ олардың ата-аналарының немесе қорғаншыларының (қамқоршыларының), патронат тәрбиешiлерiнiң келiсiмi, ал ата-аналары немесе қорғаншылары (қамқоршылары) болмаған жағдайда - қорғаншы және қамқоршы органның келiсiмi қажет.

2. Бала асырап алуға ата-аналардың келiсiмi нотариат куәландырған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұратын мекеменiң басшысы растаған не бала асырап алу жүргiзiлген орындағы немесе ата-ананың тұрғылықты жерiндегi қорғаншы және қамқоршы орган бекiткен арызда көрсетiлуге тиiс, сондай-ақ бала асырап алу iсiн жүргiзу кезiнде сотта тiкелей бiлдiрiлуi мүмкiн.

Бала асырап алу туралы сот шешiмi шығарылғанға дейiн ата-аналар бала асырап алуға өздерi берген келiсiмiнiң күшiн жоюға құқылы.

3. Ата-аналар нақты адамдарға не нақты адамды көрсетпей-ақ баланы асырап алуына келiсiм беруi мүмкiн. Қорғаншы және қамқоршы органдар сотқа баланы асырап алудың бала мүдделерiне сай келетiнi туралы қорытынды бередi. Мұндай қорытынды баланы оның өгей әкесi (өгей шешесi) асырап алған кезде талап етiлмейдi.

4. Қорғаншылықта (қамқоршылықта) тұрған балаларды асырап алу үшiн олардың қорғаншыларының (қамқоршыларының) жазбаша түрдегi келiсiмi қажет.

5. Патронат туралы шарт бойынша тәрбиеленiп жатқан балаларды асырап алу үшiн патронат тәрбиешiлерiнiң жазбаша түрдегi келiсiмi қажет.

6. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және тәрбие, емдеу мекемелерi мен басқа да мекемелердегi балаларды асырап алу үшiн осы мекемелер басшыларының жазбаша түрдегi келiсiмi қажет.

7. Сот баланың мүдделерiн көздей отырып, оны асырап алу туралы осы баптың 1, 4-6-тармақтарында аталған адамдардың келiсiмiнсiз шешiм шығаруға құқылы.

83-бап. Баланы ата-аналарының келiсiмiнсiз асырап алу

Егер ата-аналарын:

1) сот белгiсiз немесе өлген, хабар-ошарсыз кеткен деп таныса;

2) сот әрекетке қабiлетсiз деп таныса;

3) сот ата-ана құқықтарынан айырса (осы Заңның 69-бабының 7-тармағындағы талаптар сақталған жағдайда);

4) баламен бiрге тұрмайтын және сот дәлелсiз деп таныған себептер бойынша алты айдан астам уақыт бойы оны тәрбиелеу мен асыраудан жалтарып жүрсе, олардың баланы асырап алуға келiсiмi талап етiлмейдi.

84-бап. Асырап алуға баланың келiсiмi

1. Он жасқа толған баланы асырап алу үшiн оның келiсiмi қажет.

Баланың асырап алынуға келiсiмiн сот белгiлейдi.

2. Егер бала асырап алу туралы арыз берiлгенге дейiн бала асырап алушының үйiнде тұрып, оны өзiнiң ата-анасы деп есептейтiн болса, асырап алуға баланың келiсiмi бар деп ұйғарылады.

85-бап. Бала асырап алуға ерлi-зайыптылардың
бiреуiнiң келiсiмi

1. Егер баланы ерлi-зайыптылардың екеуi бiрдей асырап алмаса, баланы ерлi-зайыптылардың бiреуi асырап алған кезде бала асырап алуға ерлi- зайыптылардың екiншiсiнiң жазбаша келiсiмi талап етiледi.

2. Егер ерлi-зайыптылар отбасылық қатынастарды iс жүзiнде тоқтатып, бiр жылдан астам уақыт бөлек тұрып жатса және екiншi жұбайының тұрғылықты жерi белгiсiз болса, бала асырап алу үшiн екiншi жұбайдың келiсiмi талап етiлмейдi.

86-бап. Асырап алынған баланың аты, әкесiнiң
аты және тегi

1. Асырап алынған баланың өз аты, әкесiнiң аты және тегi сақталады.

2. Бала асырап алушының өтiнiшi бойынша, егер бұл баланың мүдделерiне қайшы келмейтiн болса, асырап алынған балаға бала асырап алушының тегi, сондай-ақ ол ұсынған ат берiледi. Асырап алынған баланың әкесiнiң аты болып, егер бала асырап алушы еркек болса, асырап алушының аты, ал егер асырап алушы әйел болса, асырап алынған баланың әкесi ретiнде сол әйел ұсынған адамның аты танылады. Егер бала асырап алушы ерлi-зайыптылардың тектерi әртүрлi болса, бала асырап алушы ерлi-зайыптылардың келiсiмдерi бойынша, асырап алынған балаға олардың бiреуiнiң тегi берiледi.

3. Баланы некеде тұрмайтын адам асырап алған жағдайда, оның өтiнiшi бойынша туу туралы кiтапқа асырап алынған бала шешесiнiң (әкесiнiң) тегi, аты мен әкесiнiң аты осы адамның (бала асырап алушының) көрсетуi бойынша жазылады.

4. Бала асырап алудың құпиялылығы талап еткен жағдайларды қоспағанда, он жасқа жеткен асырап алынған баланың тегi, аты мен әкесiнiң аты тек сол баланың келiсiмiмен ғана өзгертiлуi мүмкiн.

5. Асырап алынған баланың тегi, аты және әкесiнiң аты өзгертiлгенi туралы оны асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.

87-бап. Асырап алынған баланың туған күнi
мен туған жерiнiң өзгертiлуi

1. Бала асырап алудың құпиялылығын қамтамасыз ету үшiн бала асырап алушының өтiнiшi бойынша асырап алынған баланың туған күнi, бiрақ алты айдан аспайтын мерзiмге, сондай-ақ оның туған жерi өзгертiлуi мүмкiн.

Асырап алынған баланың туған күнiн өзгертуге үш жасқа дейiнгi бала асырап алынған кезде ғана жол берiледi.

2. Асырап алынған баланың туған күнiнiң және (немесе) туған жерiнiң өзгертiлуi жөнiнде бала асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.

88-бап. Бала асырап алғандарды асырауға алынған баланың
ата-анасы ретiнде жазу

1. Бала асырап алушылардың өтiнiшi бойынша сот туу туралы жазбалар кiтабына бала асырап алушыларды өздерi асырап алған баланың ата-анасы ретiнде жазу туралы шешiм қабылдай алады.

2. Осы Заңның 84-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, он жасқа толған асырап алынған балаға қатысты мұндай жазба жасау үшiн оның келiсiмi қажет.

3. Мұндай жазба жүргiзу қажеттiлiгi жөнiнде баланы асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.

89-бап. Бала асырап алудың құқықтық салдары

1. Асырап алынған балалар және олардың ұрпақтары бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар және олардың туыстары асырап алынған балалар мен олардың ұрпақтарына қатысы бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар мен мiндеттер жағынан тегi бiр туыстарға теңестiрiледi.

2. Асырап алынған балалар өздерiнiң ата-аналарына (өздерiнiң туыстарына) қатысы бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтарынан айрылады және олар жөнiндегi мiндеттерден босатылады.

3. Баланы бiр адам асырап алған жағдайда, егер бала асырап алушы еркек болса, шешесiнiң тiлегi бойынша, егер бала асырап алушы әйел болса, әкесiнiң тiлегi бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар мен мiндеттердiң сақталуы мүмкiн.

4. Асырап алынған баланың меншiгiндегi мүлiктiң сақталуы үшiн бала асырап алушы жауапты болады. Бала асырап алудан бас тартқан жағдайда бұл мүлiктi қайтару жөнiндегi мiндет те бала асырап алушыға жүктеледi.

5. Асырап алынған баланың ата-анасының бiреуiмен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастары сақталуы жөнiнде баланы асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.

6. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген бала асырап алудың, осы баланың туу туралы акт жазбасындағы бала асырап алушылардың ата-анасы ретiнде жазылуына қарамастан, құқықтық салдары пайда болады.

90-бап. Асырап алынған баланың зейнетақы мен жәрдемақы
алу құқығының сақталуы

Асырап алынар кезiнде ата-анасының қайтыс болуына байланысты өзiне тиесiлi зейнетақы мен жәрдемақы алуға құқығы бар бала бұл құқықты асырап алынған жағдайда да сақтап қалады.

91-бап. Бала асырап алудың құпиялылығы

1. Бала асырап алудың құпиялылығы заңмен қорғалады.

Бала асырап алу туралы шешiм шығарған судьялар немесе бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырған лауазымды адамдар, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған адамдар бала асырап алудың құпиялылығын сақтауға мiндеттi.

2. Осы баптың 1-тармағында аталған, бала асырап алудың құпиялылығын оны асырап алушылардың еркiне қарамай жария еткен адамдар заңда белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады.

Поделиться:





Читайте также:





Воспользуйтесь поиском по сайту:



©2015 - 2024 megalektsii.ru Все авторские права принадлежат авторам лекционных материалов. Обратная связь с нами...