Бап. Неке шартын жарамсыз деп тану
1. Неке шартын сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген мәмiлелер жарамсыздығының негiздері бойынша толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы мүмкiн.
2. Егер шарттың талаптары ерлi-зайыптылардың бiреуiн өте қолайсыз жағдайда қалдырса немесе осы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтарын бұзса, сот ерлi-зайыптылардың осы бiреуiнiң талап етуi бойынша неке шартын толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы да мүмкiн. Осы Кодекстің 41-бабы 3-тармағының талаптарын бұзатын неке шартының талаптары жарамсыз деп танылады.
§3. Ерлі-зайыптылардың міндеттемелер бойынша жауапкершілігі
44-бап. Ерлі-зайыптылардың мүлкінен өндіріп алу
1. Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша тек сол жұбайының мүлкi ғана өндiрiп алынады. Бұл мүлiк жеткiлiксiз болған кезде кредит берушi өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде борышкер жұбайға тиесiлi болатын борышкер жұбайдың үлесiн бөліп беруді талап етуге құқылы.
2. Егер сот ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша алынғандардың бәрi отбасының мұқтажына пайдаланылғанын анықтаса, өндiрiп алу ерлi-зайыптылардың ортақ мiндеттемелерi бойынша, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi өндіріп алынады. Бұл мүлiк жеткiлiксiз болған кезде ерлi-зайыптылар көрсетілген мiндеттемелер бойынша өздерiнiң әрқайсысының мүлкiмен ортақ жауапкершілікте болады.
Егер соттың үкiмiмен ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi ерлi-зайыптылардың бiреуi қылмыстық жолмен алған қаражат есебiнен сатып алынғаны немесе көбейтiлгенi анықталса, тиiсiнше ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi немесе оның бiр бөлiгi өндіріп алынады.
3. Ерлi-зайыптылардың өздерінің кәмелетке толмаған баласы келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiгi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен айқындалады. Ерлi-зайыптылардың өздерінің кәмелетке толмаған баласы келтiрген зиянды өтеуi кезiнде осы баптың 2-тармағына сәйкес олардың мүлкiнен өндiрiп алыну жүргізіледі.
45-бап. Неке шартын жасасу, өзгерту және бұзу
кезіндегі кредит берушілердің құқықтарына
кепілдік
Борышкер жұбайдың кредит берушiсi (кредит берушiлерi) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң нормаларына сәйкес, өзгерген мән-жайларға байланысты ерлi-зайыптылар арасында жасалған неке шартының талаптарын өзгертудi немесе оны бұзуды талап етуге құқылы.
3-БӨЛІМ. ОТБАСЫ
8-тарау. БАЛАНЫҢ ТУУ ТЕГІН АНЫҚТАУ
46-бап. Ата-аналардың және баланың құқықтары мен
міндеттерінің туындауы үшін негіздер
1. Бала туғаннан кейін бірден тіркеледі және туылған кезінен бастап атын алуға және азаматтық алуға құқығы, сондай-ақ мүмкіндігіне қарай, өз ата-аналарын білуге құқығы және олардың қамқорлығына құқығы болады.
2. Ата-аналардың және баланың құқықтары мен міндеттері баланың Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен куәландырылған тегіне негізделеді.
3. Бала асырап алушылар мен асырап алынған балалардың құқықтары мен міндеттері асырап алу туралы заңды күшіне енген сот шешіміне негізделеді.
47-бап. Баланың туу тегін анықтау
1. Баланың анасы жағынан туу тегін (анасын) ананың баланы медициналық ұйымда туғанын растайтын құжаттардың негізінде тіркеуші орган анықтайды.
Бала медициналық ұйымнан тыс жерде туған жағдайда, оның туу тегін туу фактісін растайтын медициналық құжаттардың негізінде тіркеуші орган анықтайды, ал олар болмаған жағдайда, баланың туу тегінің фактісі сот тәртібімен анықталады.
2. Бір-бірімен некеде тұратын (ерлі-зайыпты) адамдардан туған баланың туу тегі ата-анасының некені (ерлі-зайыптылықты) қию туралы куәлігімен расталады.
Бала суррогат анадан туған жағдайда баланың туу тегі суррогат ана болу жөнінде жасалған шарт негізінде куәландырылады.
3. Егер өзгеше дәлелденбесе, бала неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, ол жарамсыз деп танылған кезден бастап немесе бала анасының жұбайы қайтыс болған кезден бастап екi жүз сексен күн iшiнде туған жағдайда, анасының бұрынғы жұбайы баланың әкесi болып танылуы мүмкін.
4. Егер баланың анасы өзінің жұбайы не бұрынғы жұбайы баланың әкесі емес деп мәлімдесе, баланың әкесі баланың өз анасының және әкесінің не жұбайының, бұрынғы жұбайының бұл туралы жазбаша өтініші болған кезде, осы баптың 5-тармағында немесе осы Кодекстің 48-бабында көзделген қағидалар бойынша анықталады. Мұндай өтініш болмаған жағдайда бұл мәселе сот тәртібімен шешіледі.
5. Баланың анасымен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) адамның әке болуы баланың әкесi мен анасының тіркеуші органға бiрлесiп өтініш беруі арқылы анықталады. Анасы қайтыс болған, ол әрекетке қабiлетсiз деп танылған, анасының болған жерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайларда немесе ол ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда - қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келiсiмiмен баланың әкесiнiң өтініші бойынша, мұндай келiсiм болмаған кезде - сот шешiмi бойынша анықталады.
Егер анасының жұбайы болып табылмайтын еркектiң әке екендiгi анықталған болса, баланың анасы босанғанға дейiнгi және босанғаннан кейiнгi кезеңдердiң iшiнде өзiн күтіп-бағу жөнiндегi шығыстарға арналған тиiстi ақша қаражатын одан сот тәртiбiмен талап етуге құқылы. Сот ақша қаражатының мөлшерiн және төлемдердің кезеңділігін тараптардың материалдық, отбасылық және назар аударуға тұратын басқа да мүдделерiн негiзге ала отырып, ақша қаражатын төлеу кезiнде қолданылып жүрген айлық есептiк көрсеткiштiң еселенген арақатынасымен айқындайды.
6. Тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасындағы баланың әкесі туралы мәліметтерді алып тастау туралы сот шешімі негізінде тіркеуші орган баланың анасының жұбайы немесе бұрынғы жұбайы баланың әкесі болып көрсетілген туу туралы акт жазбасындағы баланың әкесі туралы мәліметтерді алып тастайды.
7. Он сегiз жасқа (кәмелетке) толған адамға қатысты әке болуды анықтауға - тек қана оның келiсiмiмен, ал егер ол әрекетке қабiлетсiз деп танылса, оның қорғаншысының немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келiсiмiмен жол берiледi.
48-бап. Әке болуды сот тәртібімен анықтау
Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) ата-аналардан бала туған жағдайда және ата-аналарының бiрлескен өтініші немесе баланың әкесiнiң өтініші болмаған кезде баланың нақты адамнан туу тегi (әкесі) ата-аналарының бiреуiнiң, бала қорғаншысының немесе қамқоршысының өтініші бойынша немесе баланы асырап отырған адамның өтініші бойынша, сондай-ақ бала кәмелетке толған соң оның өз өтініші бойынша сот тәртiбiмен анықталады. Бұл ретте сот баланың нақты адамнан туу тегiн дәйекті түрде растайтын айғақтарды назарға алады.
49-бап. Соттың әке болуды тану фактісін анықтауы
Өзiн баланың әкесiмiн деп мойындаған, бiрақ баланың анасымен некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты емес) адам қайтыс болған жағдайда оның әке екенiн тану фактiсi Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес сот тәртiбiмен анықталуы мүмкiн.
50-бап. Баланың ата-аналары (ата-анасы) туралы туу
туралы актілер жазбалары кітабына жазу
Баланың ата-аналары (ата-анасы) туралы туу туралы актілер жазбалары кітабына жазу осы Кодексте көзделген тәртіппен жүргізіледі.
51-бап. Әке (ана) болуды даулау
1. Туу туралы актілер жазбалары кiтабына ата-аналардың жазуы баланың әкесi немесе анасы ретiнде жазылған адамның, iс жүзiнде баланың әкесi немесе анасы болып табылатын адамның, бала кәмелетке толған соң оның өзiнiң, баланың қорғаншысының немесе қамқоршысының, сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған ата-ана қорғаншысының талап етуi бойынша тек қана сот тәртiбiмен даулануы мүмкiн.
2. Баланың әкесінің өтініші бойынша немесе әке болудың күшін жою туралы сот шешіміне сәйкес әке мен ананың бірлескен өтініші негiзiнде баланың әкесi болып жазылған адамның талабы, егер жазу кезiнде бұл адамға өзінің іс жүзінде баланың әкесi емес екендiгi белгілі болса, қанағаттандырылмауға тиіс.
Егер баланың тууы туралы акті жазбасында баланың анасының жұбайы немесе бұрынғы жұбайы баланың әкесі болып көрсетілсе, сот туу туралы актілер жазбасынан баланың әкесі туралы мәліметтерді алып тастау туралы мәселені шешкенге дейін тіркеуші орган әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеуден жазбаша түрде бас тартуға тиіс.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға жазбаша түрде келiсiм берген адамдардың әке (ана) болуды даулау кезiнде осы мән-жайларға сiлтеме жасауға құқығы жоқ.
Басқа әйелге эмбрионды ауыстырып салуға келiсiм берген адамдардың, сондай-ақ суррогат ананың ана және әке болуды даулау кезiнде осы мән-жайларға сiлтеме жасауға құқығы жоқ.
52-бап. Бір-бірімен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты
емес)адамдардан туған баланың құқықтары
мен міндеттері
Осы Кодекстің 47-49-баптарында көзделген тәртiппен әке болуы анықталған жағдайда, баланың бiр-бiрiмен некеде тұратын (ерлі-зайыпты) адамдардан туған бала сияқты, ата-аналары мен олардың туыстарына қатысты сондай құқықтары мен мiндеттерi болады.
53-бап. Жеке өмірге қолсұқпаушылық, жеке және
отбасылық құпия
1. Жеке өмір, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады.
2. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке өмір туралы өзгеше түрде хабардар болған басқа да адамдар жеке және отбасылық құпияны сақтауға міндетті.
3. Азаматтардың жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
9-тарау. СУРРОГАТ АНА БОЛУ ЖӘНЕ ҚОСАЛҚЫ РЕПРОДУКТИВТІК
ӘДІСТЕР МЕН ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ
Читайте также:
Воспользуйтесь поиском по сайту: