Главная | Обратная связь | Поможем написать вашу работу!
МегаЛекции

Тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР




177-бап. Мемлекеттік тіркеуге жататын азаматтық хал
актілері

Туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту тіркеуші органдарда осы Кодексте белгіленген мерзімде міндетті мемлекеттік тіркелуге жатады.
Басқа мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуіне тыйым салынады және ол танылмайды.

178-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы
бастапқы және қайтадан куәліктер беру

1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркегеннен кейін өздеріне қатысты акт жазбасы жасалған адамдарға құжатты берген тіркеуші орган бастығының қолтаңбасымен және елтаңбалы мөрімен бекітілген, белгіленген үлгідегі азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беріледі.
Бастапқы куәлік жоғалған немесе пайдалануға жарамсыз болған жағдайда мұрағаттық акт жазбасының негізінде азаматтық хал актісін тіркеу туралы куәлік қайтадан беріледі.
2. Өздеріне қатысты ата-ана құқықтарынан айрылған ата-аналарға, оны қалпына келтіргенге дейін баланың туу туралы куәлігі қайтадан берілмейді.
Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзған ерлі-зайыптыларға және некесі (ерлі-зайыптылығы) жарамсыз деп танылған ерлі-зайыптыларға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік қайтадан берілмейді.
3. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер қазақ тілінде немесе орыс тілінде толтырылады.
Азаматтар (ата-аналар, ерлі-зайыптылар, бала асырап алушылар) туралы мәліметтер олардың жеке басын куәландыратын құжаттарға сәйкес толтырылады.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер нотариатта куәландырылған сенімхат бойынша берілуі мүмкін.

179-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді
жүргізетін органдар

1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар жүргізеді.
2. Мұндай бөлімдер жоқ жерлерде ауыл, кент, ауылдық округ әкімі өздерінің аумағында тұратын азаматтардың азаматтық хал актілерін (тууын, неке қиюын (ерлі-зайыпты болуын), қайтыс болуын) тіркеуге арналған құжаттарды қабылдауды және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу және осы Кодексте көзделген мерзімде Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқорға мәліметтер енгізу үшін оларды әділет органдарына беруді, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктер беру мен тапсыруды жүргізеді.
3. Ауыл, кент, ауылдық округ тұрғындарының азаматтық хал актілерін тіркеуді ұйымдастыру тәртібін ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының келісімі бойынша аумақтық әділет органдары айқындайды.
4. Тіркеуші органдардың лауазымды адамдары өздеріне, өздерінің жұбайларына және жақын туыстарына қатысты азаматтық хал актілерін тіркеуді жүргізуге құқылы емес. Мұндай жағдайларда азаматтық хал актілерін тіркеуді тіркеуші органның басқа да лауазымды адамы немесе басқа тіркеуші орган жүргізеді.
Ескерту. 179-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

180-бап. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің
қағидалары мен тәртібі

1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің қағидалары, сондай-ақ некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың денсаулық жағдайы мен отбасылық жағдайы туралы бір-бірін өзара хабардар етуі, олардың болашақ ерлі-зайыптылар және ата-аналар ретіндегі құқықтары мен міндеттерін түсіндіру тәртібі осы Кодекске сәйкес белгіленеді.
2. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу, қалпына келтіру, күшін жою тәртібін әділет органдары айқындайды.

181-бап. Акт кітаптары. Оларды сақтау тәртібі мен
мерзімдері

1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу актісі кітаптарының нысандарын және осы кітаптардағы жазбалар негізінде берілетін куәліктердің нысандарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Қатаң, жүйелі түрде тігілген және нөмірленген, оны құрастырған, тіркеуші орган бастығының қолтаңбасымен және елтаңбалы мөрімен бекітілген акт кітаптары бірдей жүз акт жазбасын қамтып, екі данада жасалады. Акт жазбаларының бірдейлігін аумақтық әділет органдарының лауазымды адамдары қамтамасыз етеді.
Акт кітаптарының бірінші даналары - азаматтық хал актісін бастапқы тіркеу орны бойынша ауданның (қаланың) тіркеуші органының мұрағатында, екінші данасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тіркеуші органының мұрағатында сақталады.
3. Акт кітаптарының бірінші және екінші даналарын бір үй-жайда (ғимаратта) сақтауға тыйым салынады.
4. Республика бойынша акт жазбаларының электрондық нұсқалары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған уәкілетті органда Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың орталық серверінде сақталады.
5. Бастапқы тіркеу орны бойынша акт кітаптары жетпіс бес жыл бойы сақталады, содан кейін тиісті мемлекеттік мұрағатқа беріледі.
6. Екінші даналардың акт кітаптары белгіленген мерзім өткеннен кейін жойылуға жатады.

Поделиться:





Читайте также:





Воспользуйтесь поиском по сайту:



©2015 - 2024 megalektsii.ru Все авторские права принадлежат авторам лекционных материалов. Обратная связь с нами...