Главная | Обратная связь | Поможем написать вашу работу!
МегаЛекции

Бап. Суррогат ана болу шарты




1. Суррогат ана болу шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптары сақтала отырып, жазбаша нысанда жасалады және міндетті түрде нотариатта куәландыруға жатады.
2. Суррогат ана болу шартының жасалуы қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған балаға ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) ата-аналық құқықтары және міндеттерінің болуын әдейі көздейді.
3. Суррогат ана болу шартымен бір мезгілде ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) тиісті қызметтер көрсететін, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйыммен шарт жасасады.

55-бап. Суррогат ана болу шартының мазмұны

Суррогат ана болу шартында:
1) ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) және суррогат ананың деректері;
2) суррогат ананың күтіміне арналған материалдық шығыстарды төлеу тәртібі және шарттары;
3) тараптардың шарт талаптары орындалмаған кездегі құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;
4) 57-баптың 1-тармағында көзделген өтемақының мөлшері және оны төлеу тәртібі;
5) өзге де, оның ішінде төтенше оқиға жағдайлары қамтылуға тиіс.

56-бап. Суррогат анаға қойылатын талаптар

1. Суррогат ана болуға тілек білдірген әйел жиырмадан отыз беске дейінгі жаста, медициналық ұйымның қорытындысымен расталған, қанағаттанарлық тән денсаулығы, психикалық және репродуктивтік денсаулығы, сондай-ақ өзінің дені сау баласы болуға тиіс.
2. Егер суррогат ана тіркелген некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) жағдайда, суррогат ана болу шартын жасасу кезінде жұбайының нотариат тәртібімен куәландырылуға тиіс жазбаша келісімі ұсынылуы қажет.
3. Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйым балалы болуға тілек білдірген адамдардың өздерінің не донор банктің биоматериалдарының сол үшін пайдаланылғаны туралы толық әрі жеткілікті ақпаратпен оларды қолдану туралы қорытынды шығаруға міндетті.
Қорытындының бір данасы нотариатта куәландырылған суррогат ана болу шартына қоса беріледі және мәміленің жасалған жері бойынша сақталады.

57-бап. Суррогат ана болу шарты тараптарының
құқықтары мен міндеттері

1. Суррогат ана болу шартын жасасу кезінде ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер):
1) суррогат ананың медициналық зерттеп-қараудан өтуімен байланысты материалдық шығыстарды көтеруге;
2) қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылуына байланысты материалдық шығыстарды көтеруге;
3) қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйымға тән саулығы, психикалық денсаулығы туралы медициналық қорытындыны, сондай-ақ медициналық-генетикалық зерттеп-қараудың нәтижелерін ұсынуға;
4) суррогат ананың жүктілігі, босануы кезеңінде және босанғаннан кейін елу алты күн ішінде медициналық қызмет көрсету бойынша шығыстарды төлеуге, ал жүктілікпен және босанумен байланысты асқыну болған жағдайда, жетпіс күн ішінде шығыстарды төлеуге міндетті.
2. Суррогат ана болу шартын жасасу кезінде суррогат ана 56-баптың талаптарына сәйкес:
1) тапсырыс берушілерге өзінің тән саулығы, психикалық және репродуктивтік денсаулығы туралы медициналық қорытындыны ұсынуға;
2) дәрігердің үнемі бақылауында болуға және оның ұсынымдары мен тағайындаған емдерін қатаң сақтауға;
3) өзімен шарт жасасқан адамдарды суррогат ана болу шартында ескерілген кезеңділігімен жүктіліктің барысы туралы хабардар етуге;
4) туған баланы өзімен суррогат ана болу шартын жасасқан адамдарға беруге міндетті.
3. Суррогат ана баланы өзге адамдарға беруге құқылы емес.
4. Суррогат ананың тұрақты жұмысы болған кезде еңбек қызметін жалғастыру мәселесі суррогат ана болу шарты тараптарының өзара келісімі бойынша шешіледі.
5. Суррогат ана репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылғаннан кейін суррогат ана болу шартында көзделген жүктілік үшін жауаптылықта болады және табиғи жүкті болу мүмкіндігін болғызбауға міндетті.
6. Көп құрсақ көтеріп жүкті болу туралы мәселе суррогат ана болу шарты тараптарының өзара келісімі бойынша шешіледі.

58-бап. Қосалқы репродуктивтік әдістер мен
технологияларды қолдану

1. Тіркелген некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған), сондай-ақ кәмелетке толған, некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) және медициналық ұйымның қорытындысымен расталған, қанағаттанарлық тән саулығы, психикалық және репродуктивтік денсаулығы бар әйелдерге қатысты қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға жол беріледі.
2. Донордың шәуетін қоса алғанда, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде өзі баланы көтеретін және туатын әйел генетикалық ана болып табылады.
3. Бала қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған жағдайда, бұл баланың ата-аналары туралы мәліметтер осы Кодексте белгіленген тәртіппен жазылады.

59-бап. Суррогат ана болу шартының немесе қосалқы
репродуктивтік әдістер мен технологияларды
қолданудың құқықтық салдары

1. Ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) суррогат ана болу шарты негізінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған баланың ата-аналары болып танылады.
Мұндай әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде не суррогат ана болу шартына сәйкес екі және одан да көп бала туған жағдайда ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) әрбір туған бала үшін тең жауаптылықта болады.
2. Суррогат ана болу шартын жасасқан жұбай (тапсырыс беруші) бала туғаннан кейін туу туралы медициналық куәлікте оның анасы болып жазылады.
3. Ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) баладан бас тартуы оның туылғаны тіркеуші органда тіркелгеннен кейін белгіленген тәртіппен ресімделеді.
Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолдануға өз келісімін берген не суррогат анамен шарт жасасқан ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан жағдайда, суррогат анадан материалдық шығыстарды өтеуді талап етуге құқылы емес.
Суррогат анамен шарт жасасқан ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан жағдайда, ана болу құқығы өз қалауы бойынша суррогат анада қалатын болады, ал ол бас тартқан жағдайда, бала мемлекет қамқорлығына беріледі.
Ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан кезде және баланы суррогат ана қабылдап алған кезде бұл адамдар суррогат анаға шартта белгіленген мөлшерде және тәртіппен өтемақы төлеуге міндетті.
4. Ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзған жағдайда, суррогат ана болу шарты бойынша туған бала үшін жауапкершілік ерлі-зайыптылардың екеуіне де жүктеледі.
5. Ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) біреуі қайтыс болған жағдайда суррогат ана болу шарты бойынша туған бала үшін жауапкершілік олардың көзі тірісіне жүктеледі.
6. Ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) екеуі де қайтыс болған және олардың жақын туыстары туған баланы асырап алудан бас тартқан жағдайда, бұл бала суррогат ананың тілегі бойынша - оған, ал ол бас тартқан жағдайда, мемлекет қамқорлығына берілуі мүмкін.
Қорғаншылық нысанында баланың суррогат анаға не мемлекеттік ұйымдарға берілуі оның суррогат ана болу шарты бойынша ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) мұрагері ретіндегі құқықтарын тоқтатпайды.
7. Суррогат ана болу шарты жасалғаннан кейін шартта көрсетілген мерзім ішінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялардың пайдаланылмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
8. Суррогат ана болу шарты жасалғаннан кейін суррогат ана табиғи түрде жүкті болған жағдайда шарт бұзылады, ол суррогат ана болу шартына сәйкес тапсырыс берушілер жұмсаған барлық шығыстарды төлейді.

10-тарау. БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ

60-бап. Баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену
құқығы

Өзiнiң мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-аналарын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығында болуға құқығы, олармен бiрге тұруға құқығы бар.
Баланың өз ата-анасының тәрбиесіне, өз мүдделерiнің қамтамасыз етiлуіне, жан-жақты өсiп-жетiлуiне, өзінің адами қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне құқығы бар.
Ата-аналары болмаған кезде, олар ата-ана құқықтарынан айрылған не олар шектелген кезде және ата-ана қамқоршылығынан айрылған басқа да жағдайларда осы Кодекстің 13, 15 және 18-тарауларында белгiленген тәртiппен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баланың отбасында тәрбиелену құқығын қамтамасыз етедi.

61-бап. Баланың ата-аналарымен және басқа да
туыстарымен араласу құқығы

1. Баланың ата-анасының екеуiмен де, аталарымен, әжелерiмен, аға-iнiлерiмен, апа-сiңлiлерiмен (қарындастарымен) және басқа да туыстарымен араласуға құқығы бар. Ата-аналары некесiнiң (ерлі-зайыптылығының) бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-аналарының бөлек тұруы баланың құқығына әсер етпеуге тиiс.
Ата-аналары бөлек тұрған жағдайда баланың олардың әрқайсысымен араласуға құқығы бар. Сондай-ақ, ата-аналары әртүрлi мемлекеттерде тұрған жағдайда, баланың олармен араласуға құқығы бар.
2. Өмірлік қиын жағдайға ұшыраған баланың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өзiнiң ата-аналарымен және басқа да туыстарымен араласуға құқығы бар.

62-бап. Баланың өз пікірін білдіру құқығы

Бала отбасында өз мүдделерiн қозғайтын кез келген мәселенi шешу кезiнде өзiнiң пiкiрiн бiлдiруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкiмшiлiк iсін қарау барысында тыңдалуға құқылы. Бұл өз мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, он жасқа толған баланың пiкiрi міндетті түрде ескерiлуге тиіс. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар немесе сот он жасқа толған баланың және заңды өкілдердің қатысуымен өзі берген келiсiмiмен ғана шешiм қабылдай алады.
Баланың пікірі ата-аналарының немесе баланың тұратын жері бойынша басқа да заңды өкілдердің қатысуымен қабылданған, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның шешімімен ресімделеді.

63-бап. Баланың атын, әкесінің атын және тегін алуға
құқығы

1. Баланың атын, әкесiнiң атын және тегiн алуға құқығы бар.
2. Баланың атын өзара келісім бойынша ата-аналары немесе баланың басқа да заңды өкілдері береді. Әкесінің аты ата-аналарының немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің тілегі бойынша оның әкесі болып көрсетілген адамның аты бойынша беріледі.
Бөлек жазылған жағдайда қосарланған ат беруге рұқсат етіледі, бірақ ол екі аттан аспауға тиіс.
Әкесінде қосарланған ат болған жағдайда, балаға әкесінің аты ретінде олардың біреуі не әкесінің екі аты бірге жазылып беріледі.
Әкесі атын өзгерткен кезде - оның кәмелетке толмаған баласының, ал кәмелетке толған бала бұл туралы өтініш берген кезде, оның әкесінің аты өзгереді.
3. Баланың тегi ата-аналарының тегiмен айқындалады. Ата-аналарының тегi әртүрлi болған кезде ата-аналарының келiсiмi бойынша балаға әкесiнiң немесе анасының тегi берiледi.
Ата-аналарының қалауы бойынша баланың тегi ұлттық дәстүрлер ескерiле отырып, әкесi сияқты, анасы тарапынан да әкесінің немесе атасының аты берілуі мүмкін.
4. Ата-аналар арасында баланың атына және (немесе) тегiне қатысты туындаған келiспеушiлiктер сот тәртiбiмен шешiледi.
5. Егер әкесі анықталмаса, баланың аты анасының көрсетуі бойынша беріледі, әкесінің аты баланың әкесі ретінде жазылған адамның аты бойынша, тегі – анасының тегі бойынша немесе ұлттық дәстүрлер ескеріліп, баланың атасының аты бойынша беріледі.
6. Егер баланың ата-аналарының екеуі де белгісіз болса, баланың тегін, атын, әкесінің атын қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, медициналық немесе баланың тұрған жері бойынша оның құқығын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын басқа да ұйымдар береді.

64-бап. Баланың атын және (немесе) тегін өзгерту

1. Ата-аналарының екеуi де тегiн өзгерткен кезде кәмелетке толмаған балалардың тегi өзгередi.
Бала он алты жасқа толғанға дейiн ата-аналарының бiрлескен өтiнiшi бойынша тіркеуші орган баланың мүдделерiн негiзге ала отырып, баланың атын, сондай-ақ оған берiлген тектi ата-анасының екіншісінің тегiне өзгертуге рұқсат береді.
2. Неке (ерлі-зайыптылық) тоқтатылған немесе неке (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылған жағдайда бала өзiне туған кезде берiлген тегін сақтайды.
3. Егер ата-аналары некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылуын тіркеуші органда ресімдеместен бөлек тұрса және бала өзімен бiрге тұратын ата-анасы оған өзiнiң тегiн бергiсi келсе, тіркеуші орган бұл мәселенi баланың мүдделерiне қарай және нотариатта ресімделген басқа ата-ананың пiкiрiн ескере отырып шешедi. Ата-ананың тұратын жерiн анықтау мүмкiн болмаған, ол ата-ана құқықтарынан айрылған не олар шектелген, әрекетке қабiлетсiз деп танылған кезде, сондай-ақ ата-ана баланы күтіп-бағудан және тәрбиелеуден дәлелсіз себептермен жалтарған жағдайларда, ата-ананың пiкiрiн ескеру мiндеттi емес.
4. Егер ата-аналары некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылуын тіркеуші органда ресімдей отырып, бөлек тұрса және бала өзімен бірге тұратын ата-анасы оған өзінің тегін бергісі келсе, тіркеуші орган бұл мәселені ата-аналарының екіншісінің пікірін ескерместен, баланың мүдделеріне орай шешеді.
5. Егер бала бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) адамдардан туса және әкесi заңды тәртiппен анықталмаса, тіркеуші орган баланың мүдделерiн негiзге ала отырып, оның тегiн анасының осындай өтiнiш жасаған кезде болған тегiне өзгертуге рұқсат етеді.
6. Он жасқа толған баланың аты және (немесе) тегi заңды өкілдердің қатысуымен алынған оның келiсiмiмен ғана өзгертіледі.

65-бап. Баланың ұлты

1. Баланың ұлты оның ата-аналарының ұлтымен айқындалады.
2. Егер ата-аналарының ұлты әртүрлi болса, ұлты балаға жеке куәлiк немесе паспорт берiлген кезде оның қалауы бойынша әкесiнiң немесе шешесiнiң қай ұлтқа жататынына сәйкес айқындалады.
3. Одан әрi баланың ұлты оның өтiнiшi бойынша тек қана ата-аналарының екіншісінің ұлтына өзгертiлуi мүмкiн.

66-бап. Баланың мүліктік құқықтары

1. Баланың өзi ата-аналарынан және отбасының басқа да мүшелерiнен осы Кодекстің 5-бөлімінде белгіленген тәртіппен және мөлшерде күтіп-бағу қаражатын алуға құқығы бар.
2. Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының басшыларын қоспағанда, балаға алимент, жәрдемақы ретінде тиесілі сомалар баланың ата-аналарының немесе басқа заңды өкілдерінің билік етуіне түседі және олар осы сомаларды баланы күтіп-бағуға, білім беруге және тәрбиелеуге жұмсайды.
3. Баланың өзі алған табыстарға, өзi сыйға немесе мұрагерлiк тәртiппен алған мүлiкке, сондай-ақ оның өз қаражатына алынған басқа да кез келген мүлiкке меншiк құқығы бар.
Өз еңбегiнен табыс алатын бала, егер ол ата-аналарымен бiрге тұрса, отбасын күтіп-бағу жөнiндегi шығыстарға қатысуға құқылы.
Баланың өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiкке билiк ету құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен айқындалады.
Ата-аналар баланың мүлкiн басқару жөнiндегi құқықтылықты жүзеге асыру кезiнде оларға осы Кодекстің 128-бабында белгiленген қағидалар қолданылады.
4. Бірге тұратын бала мен ата-аналар бір-бірінің мүлкін өзара келісім бойынша иеленіп, пайдалана алады.
5. Ата-аналар мен баланың ортақ меншiк құқығы туындаған жағдайда олардың ортақ мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен айқындалады.

67-бап. Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерiн
қорғау құқығы

1. Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерiнің қорғалуына құқығы бар.
Баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды ата-аналары немесе баланың басқа да заңды өкілдері, ал Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, прокурор және сот, сондай-ақ ішкі істер органдары және өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
Кәмелетке толғанға дейiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әрекетке толық қабiлеттi деп танылған кәмелетке толмаған баланың өз құқықтары мен мiндеттерiн, оның iшiнде қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Баланың ата-аналар және басқа да заңды өкілдер тарапынан жасалатын қиянаттан қорғалуға құқығы бар.
Баланың құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған кезде, оның iшiнде ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер баланы күтіп-бағу, тәрбиелеу, оған бiлiм беру жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған кезде немесе тиiсінше орындамаған кезде не ата-ана (қорғаншылық, қамқоршылық) құқықтарын терiс пайдаланған кезде бала - қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға, ал он төрт жасқа толғанда сотқа өз құқықтарын қорғау үшiн өз бетiнше жүгінуге құқылы.
3. Баланың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төнгендiгi туралы, оның құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылғандығы туралы өздеріне белгiлi болған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары және өзге де азаматтар бұл туралы баланың нақты тұратын жерi бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органғахабарлауға мiндеттi. Мұндай мәлiметтер алынған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.

11-тарау. АТА-АНАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

68-бап. Ата-аналардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігі

1. Ата-аналардың өз балаларына қатысты тең құқықтары және тең мiндеттерi (ата-ана құқықтары) болады.
2. Осы тарауда көзделген ата-ана құқықтары балалары он сегiз жасқа (кәмелетке) толғанда, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалары некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде тоқтатылады.

69-бап. Кәмелетке толмаған ата-аналардың құқықтары

1. Кәмелетке толмаған ата-аналардың баламен бiрге тұруға және оның тәрбиесіне қатысуға құқығы бар.
2. Некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған), кәмелетке толмаған ата-аналар өздерінде бала туған жағдайда және өздерінің ана және (немесе) әке болуы анықталған кезде олар он алты жасқа толған соң ата-ана құқықтарын өз бетiнше жүзеге асыруға құқылы. Кәмелетке толмаған ата-аналар он алты жасқа толғанға дейiн қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган балаға қорғаншы тағайындайды, ол баланың кәмелетке толмаған ата-аналарымен бiрге оны тәрбиелеуді жүзеге асырады. Баланың қорғаншысы мен кәмелетке толмаған ата-аналары арасында туындаған келiспеушiлiктерді кәмелетке толмаған баланың және ата-аналарының мүдделері мен құқықтарын ескере отырып, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган шешеді.
3. Кәмелетке толмаған ата-аналардың жалпы негiздерде өздерiнiң әке және ана болуын тануға және оған дау айтуға құқығы бар, сондай-ақ өздері он төрт жасқа толғаннан кейiн сот тәртiбiмен өз балаларына қатысты әке болуды анықтауды талап етуге құқығы бар.

70-бап. Ата-аналардың баланы тәрбиелеу және оған
білім беру жөніндегі құқықтары мен
міндеттері

1. Ата-аналар өз баласының денсаулығына қамқорлық жасауға мiндеттi.
2. Ата-аналардың өз баласын тәрбиелеуге құқығы бар және осыған міндетті.
Ата-аналардың барлық өзге адамдар алдында баласын тәрбиелеуге басым құқығы бар.
Бала тәрбиелеушi ата-аналар оның дене бітімі, психикалық, адамгершілік жағынан және рухани дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жауаптылықта болады.
3. Ата-аналар баласының міндетті орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті.
Ата-аналардың бала жалпы орта білім алғанға дейін оның пікірін ескере отырып, білім беру ұйымын және баланың оқу нысанын таңдауға құқығы бар.
4. Баланың тәрбиесі мен білім алуына қатысты барлық мәселелерді баланың мүдделерін негізге алып және оның пікірін ескере отырып, өзара келісу арқылы ата-аналар шешеді. Ата-аналардың арасында келіспеушіліктер болған кезде, бұл келіспеушіліктерді шешу үшін қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органғанемесе сотқа жүгінуге құқылы.

71-бап. Ата-аналардың баланың құқықтары мен
мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтары
мен міндеттері

1. Ата-аналар өз баласының заңды өкiлдерi болып табылады және арнайы өкiлеттiктерсiз кез келген жеке және заңды тұлғаларға қатысты, оның iшiнде соттарда оның құқықтары мен мүдделерiн қорғайды.
2. Егер қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган ата-аналар мен баланың мүдделерi арасында қайшылықтар барын анықтаса, ата-аналар өз баласының мүдделерiн бiлдiруге құқылы емес. Ата-аналар мен баланың арасында келiспеушiлiктер болған жағдайда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баланың құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн өкiл тағайындауға мiндеттi.
Егер ата-аналар балаға қатысты ата-ана құқықтарынан айрылған не олар шектелген жағдайда, баланың мүдделерін білдіруге құқылы емес.

72-бап. Ата-ана құқықтарын баланың мүддесінде
жүзеге асыру

Ата-ана құқықтары баланың мүдделеріне қайшы жүзеге асырылмауға тиіс. Баланың мүдделерін қамтамасыз ету оның ата-аналары жасайтын негізгі қамқорлықтың нысанасы болып табылады.
Ата-ана құқықтарын жүзеге асыру кезінде ата-аналар баланың дене бітімі мен психикалық денсаулығына, оның адамгершілік жағынан дамуына зиян келтіруге құқылы емес. Баланы тәрбиелеу тәсілдері адамның қадір-қасиетін кемсітетін немқұрайлылықты, қатыгездікті, дөрекілікті, баланы қорлауды немесе қанауды болғызбауға тиіс.

73-бап. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана
құқықтарын жүзеге асыруы

1. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың баласымен араласуға, оның тәрбиесі мен баланың бiлiм алуы мәселелерiн және бала үшін басқа да маңызды мәселелерді шешуге қатысуға құқығы бар.
Егер мұндай араласу баланың тән саулығы мен психикалық денсаулығына, оның адамгершiлiк жағынан дамуына зиян келтiрмесе, баласы өзімен бiрге тұратын ата-ана баланың екiншi ата-анасымен араласуына кедергi жасамауға тиiс.
2. Ата-аналары бөлек тұратын кезде баланың тұрғылықты жерi мен заңды мекенжайы ата-аналарының келiсiмiмен белгiленедi.
Келiсiм болмаған кезде ата-аналардың арасындағы дауды баланың мүдделерiн негiзге алып және оның пiкiрiн ескере отырып, ата-аналардың талап етуі бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен сот шешедi. Бұл ретте сот баланың ата-аналардың әрқайсысына, аға-iнiлерi (қарындастары) мен апа-сiңлiлерiне үйiрлiгiн, баланың жасын, ата-аналардың адамгершiлiк және өзге де жеке қасиеттерiн, ата-аналардың әрқайсысы мен баланың арасындағы қарым-қатынастарды, баланың дамуы және тәрбиесі үшiн жағдайлар жасау мүмкiндiгiн (ата-аналар қызметiнiң түрiн, жұмыс режимін, ата-аналардың материалдық және отбасылық жағдайын және басқа да осындай жағдайларды) ескередi.
3. Ата-аналар баладан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртiбi туралы жазбаша түрде келiсiм жасасуға құқылы.
Егер ата-аналар келiсiмге келе алмаса - дауды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, ал оның шешімімен келіспеген жағдайда осы органның және баланың ата-аналарының қатысуымен сот шешедi.
4. Ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртібі туралы сот шешiмi орындалмаған жағдайда, кiнәлi ата-ана Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
Сот шешiмi қасақана орындалмаған кезде баласынан бөлек тұратын ата-ананың талап етуi бойынша сот баланың мүдделерiн негiзге алып және баланың пiкiрiн ескере отырып, баланы оған беру туралы шешiм шығара алады.
5. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың білім беру ұйымдарынан, медициналық және басқа да ұйымдардан өз баласы туралы ақпарат алуға құқығы бар.
Ата-ана тарапынан баланың өмiрi мен денсаулығына қатер болған жағдайда ғана ақпарат беруден бас тартылуы мүмкiн. Ақпарат беруден бас тартуға сот тәртiбiмен дау айтылуы мүмкiн.

74-бап. Ата-аналардың баланы басқа адамдардан талап
ету құқығы

1. Ата-аналар баланы заңның немесе сот шешiмiнің негiзiнсiз өз қолында ұстап отырған кез келген адамнан оны қайтаруды талап етуге құқылы. Дау туындаған жағдайда ата-аналар өз құқықтарын қорғау үшiн сотқа жүгінуге құқылы.
Бұл талаптарды қарау кезiнде сот, егер баланы ата-аналарына беру баланың мүдделерiне сай келмейдi деген қорытындыға келсе, баланың пiкiрiн ескере отырып, ата-аналардың талап-арызын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
2. Егер сот ата-аналары да, бала қолында отырған адамның да оның тиісті түрде тәрбиесін және дамуын қамтамасыз етуге жағдайы келмейтінін анықтаса, сот баланы қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына бередi.

12-тарау. АТА-АНА ҚҰҚЫҚТАРЫНАН АЙЫРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ШЕКТЕУ

75-бап. Ата-ана құқықтарынан айыру

1. Егер ата-аналар:
1) ата-аналық мiндеттерiн орындаудан жалтарса, оның iшiнде алимент төлеуден қасақана жалтарса;
2) өз баласын перзентханадан (оның бөлімшесінен), жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарынан және өзге де ұйымдардан алудан дәлелсіз себептермен бас тартса;
3) өздерiнiң ата-ана құқықтарын теріс пайдаланса;
4) балаға қатыгездік көрсетсе, оның ішінде оған күш қолданса немесе психикасына зорлық жасаса, оның жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаса;
5) спирт ішімдіктеріне немесе есірткі заттарына салынса, психотроптық заттарды және (немесе) осыларға ұқсас заттарды теріс пайдаланса, олар ата-ана құқықтарынан айрылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
2-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
2. Ата-аналар өз баласының, жұбайының не отбасының басқа да мүшелерінің өмiрiне немесе денсаулығына қарсы қасақана қылмыс жасаған кезде ата-ана құқықтарынан айрылады.

76-бап. Ата-ана құқықтарынан айыру тәртібі

1. Ата-ана құқықтарынан айыру сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
Ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстер ата-аналардың бiреуiнiң немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттер жүктелген органдардың немесе ұйымдардың өтініштері, сондай-ақ прокурордың талабы бойынша қаралады.
2. Ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстер прокурордың және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен қаралады.
3. Ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстi қарау кезiнде сот ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналардан алимент өндiрiп алу туралы мәселенi шешедi.
4. Егер сот ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстi қарау кезiнде ата-аналардың iс-әрекетiнен қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін байқаса, ол мұны жеке қаулымен прокурордың назарына жеткiзуге мiндеттi.
5. Ата-ана құқықтарынан айыру туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш күн iшiнде сот бұл шешiмнiң үзінді көшiрмесiн баланың тууын мемлекеттiк тiркеу орыны бойынша тіркеуші органға және баланың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жіберуге мiндеттi.

77-бап. Ата-ана құқықтарынан айырудың салдары

1. Ата-ана құқықтарынан айыру баламен туыстық фактiсiне негiзделген барлық құқықтардан, оның iшiнде одан күтіп-бағу қаражатын алу, сондай-ақ балалары бар азаматтар үшiн белгiленген жеңiлдiктер мен мемлекеттiк жәрдемақыны алу құқықтарынан айрылуға әкеп соғады.
2. Ата-ана құқықтарынан айыру ата-аналарды өз баласын күтіп-бағу мiндетiнен босатпайды, бұл міндет оны асырап алуға байланысты тоқтатылады.
3. Бала мен ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың одан әрi бiрге тұруы туралы мәселе сот тәртiбiмен шешiледi.
4. Ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылған бала тұрғын жайға меншiк құқығын немесе тұрғын жайды пайдалану құқығын, сондай-ақ ата-аналарымен және басқа да туыстарымен туыстық фактiсiне негiзделген мүлiктiк құқықтарын, оның iшiнде мұра алу құқығын сақтайды.
5. Баланы басқа ата-анаға беру мүмкiн болмаған кезде немесе ата-аналарының екеуi де ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда, бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқоршылығына берiледi.
6. Егер бұл балаға теріс әсер етпесе, ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналардың өтініші бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баламен жолығуға рұқсат етеді.
7. Ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда бала асырап алуға соттың ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап алты ай өткен соң жол берiледi.
Ата-аналарының біреуі ата-ана құқықтарынан айырылған баланы асырап алуға екінші ата-анасының келісімімен жол беріледі.

78-бап. Ата-ана құқықтарын қалпына келтіру

1. Егер ата-аналар мiнез-құлқын, тұрмыс салтын және бала тәрбиесіне көзқарасын өзгерткен болса, сот олардың ата-ана құқықтарын қалпына келтiруi мүмкiн.
2. Ата-ана құқықтарын қалпына келтiру ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың өтініші бойынша сот тәртiбiмен жүзеге асырылады. Ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы iстер ата-ананың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, сондай-ақ прокурордың қатысуымен қаралады.
3. Егер ата-ана құқықтарын қалпына келтiру баланың мүдделерiне қайшы болса, сот баланың пiкiрiн ескере отырып, ата-аналардың ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
Он жасқа толған балаға қатысты ата-ана құқықтары оның келiсiмiмен ғана қалпына келтiрілуі мүмкiн.
Егер бала асырап алынса және асырап алудың күшi жойылмаса, ата-ана құқықтарын қалпына келтiруге жол берiлмейдi.

79-бап. Ата-ана құқықтарын шектеу

1. Сот баланың мүддесiн ескере отырып, баланы ата-аналардан оларды ата-ана құқықтарынан айырмай алу жолымен ата-ана құқықтарын шектеу туралы шешiм шығаруы мүмкін.
Ата-аналары немесе олардың біреуі ата-ана құқықтарынан айырылған немесе шектелген баланы баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган орналастырады.
2. Егер баланың ата-аналарымен қалуы:
1) ата-аналарға байланысты емес мән-жайлар (психикасының бұзылуы немесе өзге де созылмалы ауруы, ауыр мән-жайларға душар болуы) бойынша;
2) ата-аналардың мінез-құлқының салдарынан, бірақ бұл ретте ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру үшін жеткілікті негіздер анықталмай, ол үшін қауіпті болса, ата-ана құқықтарын шектеуге жол беріледі.
Егер ата-аналар өз мінез-құлқын өзгертпесе, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган ата-ана құқықтарын шектеу туралы сот шешімі шыққаннан кейін алты ай өткен соң оларды ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап-арыз беруге міндетті.
3. Ата-ана құқықтарын шектеу туралы талапты баланың жақын туыстары және баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар, сондай-ақ прокурор береді.
4. Ата-ана құқықтарын шектеу туралы iстер прокурордың және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органөкілінің міндетті түрде қатысуымен қаралады.
5. Ата-ана құқықтарын шектеу туралы iстер қаралған кезде сот ата-аналардан балаға алимент өндiрiп алу туралы мәселенi шешуге құқылы.

80-бап. Ата-ана құқықтарын шектеудің салдары

1. Сот ата-ана құқықтарын шектеген ата-аналар баланы жеке өзi тәрбиелеу құқығынан айрылады, ал осы Кодекстің 79-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, балалары бар азаматтар үшiн белгiленген жеңiлдiктер мен мемлекеттiк жәрдемақы алу құқығынан да айрылады.
2. Ата-ана құқықтарын шектеу ата-аналарды баланы күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерден босатпайды.
3. Өзiне қатысты ата-аналарының ата-ана құқықтары шектелген бала тұрғын жайға меншiк құқығын немесе тұрғын жайды пайдалану құқығын сақтайды, сондай-ақ ата-аналарымен және басқа да туыстарымен туыстық фактiсiне негiзделген мүлiктiк құқықтарын, оның iшiнде мұра алу құқығын сақтайды.
4. Ата-аналарының екеуiнiң де ата-ана құқықтары шектелген жағдайда бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына берiледi.
5. Егер бұл балаға теріс әсер етпесе, сот ата-ана құқықтарын шектеген ата-аналарға баламен қатынасуға рұқсат етеді. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның не қорғаншысының немесе қамқоршысының, баланың патронат тәрбиешiлерiнiң немесе бала тұрып жатқан ұйым әкiмшiлiгiнiң келiсiмiмен ата-аналардың баламен қатынасуына жол берiледi.

81-бап. Ата-ана құқықтарын шектеу салдарының
күшін жою

1. Егер ата-аналардың ата-ана құқықтары шектелген негiздер жойылса, сот ата-аналардың талабы бойынша баланы ата-аналарына қайтарып беру туралы және осы Кодекстің 80-бабында көзделген шектеулер салдарының күшiн жою туралы шешiм шығарады.
2. Егер баланы ата-аналарына қайтарып беру оның мүдделерiне қайшы келсе, сот баланың пiкiрiн ескере отырып, талапты қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.

82-бап. Баланың өміріне немесе оның денсаулығына
тікелей қатер төнген жағдайда баланы
айырып алу

1. Баланың өмiрiне немесе оның денсаулығына тiкелей қатер төнген кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баланы ата-аналардан немесе оны қамқоршылыққа алған басқа да адамдардан дереу айырып алуға құқылы.
Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган сот шешімі қабылданғанға дейін республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының актісі негізінде баланы дереу айырып алады.
2. Баланы айырып алу кезінде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган кешіктірмей прокурорға хабарлауға, баланы уақытша орналастыруды қамтамасыз етуге және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органы баланы айырып алу туралы актiні шығарғаннан кейiн жетi күн iшiнде ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру немесе оларды шектеу туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге мiндеттi.

83-бап. Баланы айырып алуға байланысты істер бойынша
сот шешімдерін орындау

1. Баланы ата-аналарынан айырып алуға және оны басқа адамға (адамдарға) беруге байланысты сот шешiмдері қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкiлiнiң және бала берілетін адамның (адамдардың) мiндеттi түрде қатысуымен, ал қажет болған жағдайларда iшкi iстер органдары өкiлiнiң қатысуымен мәжбүрлі түрде орындалатын болады.
2. Баланы оның мүдделерiне нұқсан келтiрмей ата-аналарынан айырып алу және оны басқа адамға (адамдарға) беру туралы сот шешімін орындау мүмкiн болмаған кезде, бала соттың ұйғарымы бойынша баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарда уақытша орналастырылуы мүмкiн.

Поделиться:





Читайте также:





Воспользуйтесь поиском по сайту:



©2015 - 2024 megalektsii.ru Все авторские права принадлежат авторам лекционных материалов. Обратная связь с нами...