Главная | Обратная связь | Поможем написать вашу работу!
МегаЛекции

Бап. Жалпы ережелер




1. Аккредиттеу туралы өтініш берген кезде өз мемлекетінің аумағында аталған салада филиалдар немесе өкілдіктер құру жолымен өз қызметін кемінде он жыл жүзеге асыратын бала асырап алу жөніндегі агенттіктер (бұдан әрі – агенттіктер) аккредиттеуге жатады.
2. Аккредиттеу агенттіктің филиалы және (немесе) өкілдігі есептік тіркелгенге дейін жүргізіледі.
3. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органының, жергілікті атқарушы органдардың, жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының қызметкерлері, олардың жұбайларын және жақын туыстарын қоса алғанда, агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметкерлері бола алмайды.
4. Бала асырап алу жөніндегі агенттіктерді аккредиттеу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

112-бап. Агенттіктерді аккредиттеуді жүргізу тәртібі

1. Агенттіктерді аккредиттеу, соның ішінде аккредиттеуден бас тарту туралы мәселені Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы қарайды.
2. Агенттіктің сенім білдірген адамы Қазақстан Республикасының аумағында балаларды асырап алу жөніндегі жұмысты жүзеге асыру үшін мынадай құжаттарды:
1) құрылтай құжаттарының нотариатта куәландырылған көшірмелерін;
2) оның тиісті салада қызметті жүзеге асыруға өкілеттігін растайтын, агенттік орналасқан мемлекеттің құзыретті органы берген құжаттың көшірмесін;
3) агенттіктің өкілеттігін растайтын құжатты берген немесе агенттіктің Қазақстан Республикасының аумағында тиісті қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі туралы қызметіне бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттің құзыретті органының ұсыным хатын;
4) бала асырап алуға үміткерлерге агенттік ұсынатын, көрсетілетін қызметтердің тізбесін;
5) асырап алынған балалардың тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесіне бақылауды жүзеге асыру және белгіленген тәртіппен тиісті есептер және ақпарат беру жөніндегі міндеттемені;
6) бала асырап алушылардың өздері тұратын мемлекетке келген соң асырап алынған баланың Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінде есепке қойылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемесін;
7) агенттіктің сенім білдірген адамға берген нотариатта куәландырылған сенімхатты қоса тіркей отырып, өтініш беруге міндетті.
Осы тармақтың 1) - 4) тармақшаларында санамаланған құжаттар олар берілген күннен бастап алты ай бойы жарамды болады. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы қажет болған жағдайда осы құжаттардың түпнұсқа даналарын қосымша сұратуға құқылы.
Барлық ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен заңдастырылуға тиіс.
3. Агенттікті аккредиттеу туралы шешімді Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы өз құзыреті шегінде аккредиттеу мүмкіндігі туралы тиісті қорытындылар беретін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып қабылдайды.
4. Аккредиттеуден бас тартқан жағдайда, оны негіздей отырып, Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді ол қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде шығарады.
5. Сенім білдірілген адамның аккредиттеу туралы өтініші Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнамасында көзделген мерзімдерде қаралады.
6. Агенттікті аккредиттеу туралы шешім жоғалған кезде, өкіл тиісті өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органында оның телнұсқасын алуы мүмкін.
7. Агенттік бір жыл мерзімге аккредиттеледі. Аккредиттеу туралы шешім иеліктен шығарылмайды және басқа адамдарға беруге жатпайды.
8. Агенттікті аккредиттеуден, оның қызмет мерзімін ұзартудан және (немесе) оның қызметін мерзімінен бұрын тоқтатудан бас тарту негіздері:
1) ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болмауы;
2) өз қызметі туралы дәйексіз мәліметтер ұсынуы;
3) агенттіктің немесе оның филиалдарының және (немесе) өкілдіктерінің қызметі туралы шет мемлекеттің құзыретті органдарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан келіп түскен келеңсіз ақпараттың болуы;
4) агенттіктің орналасқан жері, қолайсыз әлеуметтік-экономикалық, саяси, экологиялық ахуал, мемлекетте әскери іс-қимылдардың жүзеге асырылуы;
5) агенттіктің филиалы және (немесе) өкілдігі қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы;
6) агенттіктің асырап алынған балалардың тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесін бақылау және белгіленген тәртіппен тиісті есептер және ақпарат беру жөніндегі өз міндеттемелерін бұзуы;
7) агенттіктің асырап алынған баланың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінде есепке қойылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өз міндеттемелерін бұзуы;
8) агенттіктің өз мемлекеті аумағында қызметінің тоқтатылуы болып табылады.
9. Өз қызметін аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді алған агенттік алты ай өткен соң Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына қайтадан жүгінуге құқылы.

113-бап. Агенттіктер филиалдарының және (немесе)
өкілдіктерінің қызметін ұзарту, тоқтата
тұру және (немесе) тоқтату

1. Агенттікті аккредиттеу мерзімін ұзарту үшін ол аккредиттеу мерзімі өткенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына мерзімді ұзарту туралы өтініш береді.
Агенттікті аккредиттеу мерзімін ұзарту туралы өтінішті Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы өтінішті қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Агенттікті аккредиттеу мерзімін ұзарту туралы (ұзартудан бас тарту туралы) дәлелді шешімді Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы қабылдап, агенттіктің филиалына және (немесе) өкілдігіне шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді.
2. Егер олар агенттікті алғашқы аккредиттеуден кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген барлық талаптарды сақтаған болса, осы баптың 1-тармағында көзделген мерзім өткен соң аккредиттеу мерзімі өздігінен ұзартылады.
3. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы:
1) осы Кодекстің нормалары сақталмаған;
2) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына және (немесе) өзге де мемлекеттік органдарға агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметіне негізделіп шағымдар жасалған жағдайда, агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылуын тоқтата тұрады.
Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы Агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларға хабарлайды.
4. Агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соққан бұзушылықтар бір ай ішінде жойылған кезде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы оны қайтадан қолданысқа енгізеді.
5. Агенттіктің филиалдары және (немесе) өкілдіктері мынадай жағдайларда:
1) балаларды асырап алу жөніндегі қызметін агенттіктің құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырмаса;
2) агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соққан бұзушылықтарды бір ай ішінде жоймаса;
3) агенттіктің филиалы және (немесе) өкілдігі қызметін тоқтату туралы өтініш берсе;
4) агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылу мерзімі өтсе және аккредиттеу мерзімін жаңа мерзімге ұзарту мүмкін болмаса, өз қызметін тоқтатады.
6. Агенттік филиалдарының және (немесе) өкілдіктерінің қызметін тоқтату мәселелері осы баптың 5-тармағында көрсетілген мән-жайлар анықталған (туындаған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.
Агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметін тоқтату туралы дәлелді шешімді Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы қабылдайды және шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған жібереді.
7. Агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметін тоқтата тұру немесе тоқтату туралы шешім оны бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру арқылы тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің аумағында таратылады.

114-бап. Агенттік филиалының және (немесе)
өкілдігінің құқықтары мен міндеттері

1. Агенттіктің филиалы және (немесе) өкілдігі:
1) агенттік орналасқан мемлекеттің азаматтарына, агенттік өкілдігі орналасқан аумақта тұрақты тұратын басқа да мемлекеттердің азаматтарына бала асырап алуда жәрдем көрсетуге;
2) асырап алынатын бала туралы белгіленген тәртіппен және көлемде ақпарат алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымды адамдардың және мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне және шешімдеріне шағым жасауға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасындағы, бала асырап алу тәртібіндегі өзгерістер туралы ақпарат және өздерінің тікелей қызметіне қатысты басқа да ақпарат алуға құқылы.
2. Агенттіктердің филиалы және (немесе) өкілдігі белгіленген тәртіппен:
1) аккредиттеу алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында заңды тұлғалардың филиалдарын және (немесе) өкілдіктерін есептік тіркеу үшін белгіленген тәртіппен есептік тіркеуден өтуге;
2) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органына филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы ұсынуға;
3) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органын өз қызметінің басталғаны туралы бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге;
4) асырап алуға бала таңдау үшін бала асырап алуға үміткерлердің құжаттарын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына, сондай-ақ бала асырап алу үшін сотқа ұсынуға;
5) бала асырап алуға үміткерлердің өтініштері негізінде баланың аты, жасы, жынысы, денсаулық жағдайы туралы ақпарат алуға;
6) бала асырап алуға үміткерлерді қабылдау мен орналастыруды және оларға бала асырап алуды ресімдеуде қажетті көмек ұйымдастыруға;
7) бала асырап алу туралы істерді қарау кезінде сот отырыстарына қатысуға, бала асырап алу туралы сот шешімін алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шегінен кету үшін баланың тууы, бала асырап алу туралы куәліктерді және баланың паспортын ресімдеуде бала асырап алушыларға жәрдем көрсетуге;
8) Қазақстан Республикасының аумағында бала асырап алуға үміткерлердің, сондай-ақ бала асырап алушылардың мүдделерін білдіру бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қызметті жүзеге асыруға міндетті.
3. Агенттіктердің филиалдары және (немесе) өкілдіктері Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына аумағында асырап алынған бала тұратын мемлекеттің құзыретті органы дайындаған, бала асырап алушылардың өздерінің отбасындағы балалардың тұрмыс жағдайы мен тәрбиесі туралы есептер (бұдан әрі - есептер) ұсынуды ұйымдастырады.
4. Бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін алғашқы үш жылда есеп әрбір алты ай сайын ұсынылады. Кейіннен есептер жыл сайын ұсынылады.
5. Есептер тиісті шет мемлекеттің ресми тілінде ұсынылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, ұсынылатын есептер белгіленген тәртіппен заңдастырылуға, сондай-ақ қазақ немесе орыс тіліне аударылуға тиіс. Бұл ретте, аударманың мәтіні не аудармашының қолтаңбасы бала асырап алушылардың тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде куәландырылады не оны Қазақстан Республикасының аумағындағы нотариус куәландырады.
6. Асырап алынған балаларды консулдық есепке қою туралы есептер мен ақпараттың есепке алынуы Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
Ескерту. 114-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 13.06.2013 N 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-БӨЛІМ. ҚОРҒАНШЫЛЫҚ НЕМЕСЕ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ

15-тарау. ЖЕТІМ БАЛАЛАРДЫ, АТА-АНАЛАРЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ
ҚАЛҒАН БАЛАЛАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ОРНАЛАСТЫРУ

115-бап. Жетім балалардың, ата-аналарының
қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары
мен мүдделерін қорғау

1. Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына және өз өкілеттіктері шегінде басқа да мемлекеттік органдарға, сондай-ақ осы балалардың заңды өкілдеріне жүктеледі.
2. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалудың нақты мән-жайларын негiзге ала отырып, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алу жөніндегі қызметті ұйымдастыру, балаларды орналастырудың нысандарын таңдау, сондай-ақ оларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оқыту жағдайларын одан әрi бақылау жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
3. Мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегіндегі қызметін қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды іріктеу, орналастыру, беру жөнiндегi қызметі бойынша делдалдық және кез келген өзге де қызметке тыйым салынады.
Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың және жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау және орналастыру бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды орындайтын басқа да ұйымдардың қызметі, сондай-ақ агенттіктердің осы Кодексте көзделген қызметі бала асырап алу жөніндегі делдалдық қызмет болып табылмайды.
Осы бапта аталған жеке және заңды тұлғалар өз қызметінде коммерциялық мақсаттарды көздей алмайды.

116-бап. Жетім балаларды, ата-аналарының
қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары
мен мүдделерін қорғау нысандары

Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау оларды - отбасына (асырап алуға, қамқоршылыққа немесе қорғаншылыққа, патронатқа) тәрбиелеуге, ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін барлық үлгідегі ұйымдарға беру арқылы жүзеге асырылады.

117-бап. Жетім балаларды, ата-аналарының
қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау
және есепке алу

1. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтауды ата-ананың қамқорлығының болмауы туралы өздеріне белгілі болған барлық жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Жеке және заңды тұлғалар жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы олардың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардыкешіктірмей хабардар етуге міндетті.
3. Медициналық ұйымдардың лауазымды адамдары жаңа туған бала қалдырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органына бұл туралы хабарлауға міндетті.
4. Жергілікті атқарушы орган оның ата-аналары немесе оның туыстары жағынан қамқорлықтың болмау фактісі анықталған кезде, мәліметтер алынған күннен бастап үш күн ішінде баланың тұрмыс жағдайын зерттеп-қарап шығуға және баланы орналастыру туралы мәселе шешілгенге дейін оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
5. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұратын жері бойынша олар туралы мәліметтер түскен күннен бастап бір ай ішінде баланы орналастыруды қамтамасыз етеді (бастапқы есеп).
Баланы отбасына тәрбиеге беру мүмкін болмаған кезде баланы өңірлік есепке алу және кейіннен оны Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасы тәрбиесіне орналастыруда жәрдем көрсету үшін бір ай өткен соң бала туралы мәліметті тиісті аумақтық-әкімшілік бөліністердің қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органына жібереді.
6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронат тәрбиешілері отбасы тәрбиесіне беру мүмкін болмаған кезде өзіне бала туралы мәліметтер түскен күннен бастап екі ай мерзім өткен соң жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орталықтандырылған есепке қою үшін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына хабарлауға міндетті.
Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және асырап алуға жататын балаларды есепке алуды ұйымдастыру және олар туралы ақпаратқа қол жеткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

118-бап. Жетім балаларды, ата-аналарының
қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру

1. Баланың мүддесіне сай асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа немесе баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт бойынша отбасы тәрбиесіне, ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде, барлық үлгідегі (білім беру, медициналық және басқа да) ұйымдарға берілген жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру кезінде оның ұлты, белгілі бір дінге және мәдениетке қатыстылығы, ана тілі, тәрбиелеу мен оқытуда сабақтастықты қамтамасыз ету мүмкіндігі ескерілуі мүмкін.
2. Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, отбасы тәрбиесіне немесе осы баптың 1-тармағында көрсетілген ұйымдарға орналастырылғанға дейін балаларға қорғаншылық немесе қамқоршылық міндеттерін атқару баланың тұрған жері бойынша уақытша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жүктеледі.

16-тарау. ҚОРҒАНШЫЛЫҚТЫ НЕМЕСЕ ҚАМҚОРШЫЛЫҚТЫ БЕЛГІЛЕУ ТӘРТІБІ

119-бап. Қорғаншылық немесе қамқоршылық белгіленетін
адамдар

1. Жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оқыту мақсатында, сондай-ақ олардың мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн оларға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленедi.
2. Сондай-ақ, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі кәмелетке толған адамдардың мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленедi.
3. Бұл мән-жайлар балалардың мүдделеріне сай келетін жағдайларды қоспағанда, бір отбасында тәрбиеленген бірге туған ағалы-інілер мен апалы-сіңлілерді әртүрлі адамдардың қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа алуына жол берілмейді.

120-бап. Мемлекеттің қорғаншылық немесе қамқоршылық
жөніндегі функциялары

1. Мемлекет кәмелетке толмағандарға және әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдарға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі өз функцияларын жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік органдардың және ұйымдардың кәмелетке толмағандарға қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі қызметін үйлестіруді және өзара іс-қимылын ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады.
3. Мемлекеттің қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функциялары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 120-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 N 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

121-бап. Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеу

1. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа мұқтаж адамның тұрғылықты жерi бойынша не қамқорлыққа жататын мүліктің орналасқан жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiлейдi. Жекелеген жағдайларда қорғаншылық немесе қамқоршылық қорғаншының немесе қамқоршының тұрғылықты жерi бойынша белгiленуi мүмкiн.
2. Адамды әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп тану туралы шешiм заңды күшiне енген кезден бастап үш күн iшiнде сот оған қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiлеу үшiн бұл туралы сол адамның тұрғылықты жерi бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға хабарлауға мiндеттi.
3. Адамға қорғаншылықты немесе қамқоршылықты немесе мүлікке қорғаншылықты белгiлеу қажеттiгi туралы тиiстi органдарға белгiлi болған кезден бастап бiр ай iшiнде қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленедi.
4. Қорғаншы немесе қамқоршы тағайындауға мүдделi адамдар сот тәртiбiмен шағым жасауы мүмкiн.

122-бап. Қорғаншылар немесе қамқоршылар

1. Мыналарды:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдарды;
2) сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;
3) өзiне Қазақстан Республикасының заңында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдарды;
4) егер сот олардың кiнәсi бойынша бала асырап алудың күшiн жойса, бұрынғы бала асырап алушыларды;
5) денсаулық жағдайына байланысты қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерін жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, тек қана кәмелетке толған адамдар қорғаншылар немесе қамқоршылар бола алады.
2. Қорғаншы немесе қамқоршы тек қана оның келiсiмiмен тағайындалуы мүмкiн. Егер бұл қамқорлыққа алынушының мүдделерiне қайшы келмесе, жұбайы, ата-аналары, туыстары немесе қамқорлыққа алынушыға жақын басқа да адамдар қорғаншы немесе қамқоршы болып тағайындалуда басым құқыққа ие болады.
Егер қамқорлыққа алынушылардың мүдделерiнiң арасында қайшылықтар болмаса, бiрнеше адам үшін бiр қорғаншы немесе қамқоршы тағайындауға жол берiледi.
3. Әрекетке қабiлеттi және ата-ана құқықтарынан айрылмаған, бiрақ олардың тәрбиесін жүзеге асыра алмайтын ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына қорғаншы немесе қамқоршы тағайындау кезінде, қорғаншылар немесе қамқоршылар ата-аналардың тiлегi ескерiле отырып тағайындалады.
Балаға қорғаншы немесе қамқоршы тағайындау кезiнде қорғаншының немесе қамқоршының адамгершiлiк және өзге де жеке қасиеттерi, оның қорғаншылық немесе қамқоршылық мiндеттерiн орындауға қабiлетi, қорғаншы немесе қамқоршы мен баланың арасындағы қатынастар, қорғаншының немесе қамқоршының отбасы мүшелерiнiң балаға көзқарасы, сондай-ақ, егер бұл мүмкiн болса, баланың өз тiлегi ескерiледi.
Егер кәмелетке толмаған балаға қорғаншы немесе қамқоршы болып тағайындалатын адам некеде тұрса (ерлі-зайыпты болса), оның жұбайының келiсiмi талап етiледi.
4. Қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа мұқтаж және тиiстi білім беру, медициналық ұйымдардағы, халықты әлеуметтiк қорғау ұйымдарындағы адамдардың қорғаншылары немесе қамқоршылары осы ұйымдардың әкiмшiлiктері болып табылады.
Қорғаншының немесе қамқоршының мұндай ұйымға баланы уақытша орналастыруы қорғаншының немесе қамқоршының осы балаға қатысты құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатпайды.
5. Қорғаншылар немесе қамқоршылар кез келген адамдарға қатысты, оның iшiнде сотта өкiлеттiктерін арнайы растамастан, өз қамқорлығына алынғандардың құқықтары мен мүдделерiн қорғайды.

17-тарау. ҚОРҒАНШЫЛАРДЫҢ НЕМЕСЕ ҚАМҚОРШЫЛАРДЫҢ ЖӘНЕ
ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛЫНҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

123-бап. Қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы
адамдардың құқықтары

Осы Кодекстің 60-62 және 67-баптарында көзделген құқықтармен қатар, қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы адамдардың сондай-ақ:
1) өздерінің адамдық қадыр-қасиеттерінің құрметтелуіне;
2) қорғаншы немесе қамқоршы тарапынан қамқорлық жасалуына;
3) осы Кодекстің 126-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, онымен бірге тұруға;
4) өздеріне тиесілі алиментке, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге;
5) тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын сақтауға;
6) қорғаншы немесе қамқоршы тарапынан жасалатын қиянаттан қорғалуға;
7) қорғаншының немесе қамқоршының отбасында тәрбиеленуге;
8) өздеріне күтіп-бағу, тәрбиелеу, білім алу және жан-жақты даму үшін жағдайлардың қамтамасыз етілуіне;
9) тұрғын үйі болмаған жағдайда оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес алуға құқықтары бар.

124-бап. Жетім балалардың, ата-аналарының
қамқорлығынсыз қалған және білім беру,
медициналық ұйымдардағы және басқа да
ұйымдардағы балалардың құқықтары

1. Осы Кодекстің 60-62 және 67-баптарында көзделген құқықтармен қатар, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және білім беру, медициналық ұйымдардағы және басқа да ұйымдардағы балалардың сондай-ақ:
1) күтіп-бағуға, тәрбиеленуге, білім алуға, жан-жақты дамуға, өздерінің адамгершілік қадыр-қасиеттерінің құрметтелуіне, өз мүдделерінің қамтамасыз етілуіне;
2) өздеріне тиесілі алиментке, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге;
3) тұрғын үйге меншік құқығын немесе оны пайдалану құқығын сақтауға, ал тұрғын үйі болмаған жағдайда, оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес алуға;
4) жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын жұмысқа орналасуда жәрдем көрсетілуіне құқықтары бар.
2. Осы ұйымдар түлектерінің құқықтарын қорғау қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жүктеледі.

125-бап. Қорғаншылардың немесе қамқоршылардың өз
міндеттерін атқаруы

1. Қорғаншылар заң жүзiнде қамқорлыққа алынушылардың өкiлдерi болып табылады және олардың атынан және олардың мүддесінде барлық қажеттi мәмiлелердi жасайды.
2. Қамқоршылар өздерiнiң қамқоршылығындағы адамдардың өз бетiнше жасауға құқығы жоқ мәмiлелердi жасауға келiсiм бередi, қамқорлыққа алынушыларға өз құқықтарын жүзеге асыруына және мiндеттерiн атқаруына жәрдем көрсетедi, сондай-ақ оларды үшiншi тұлғалардың тарапынан жасалатын қиянаттардан қорғайды.
Қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушыларды өз есебiнен күтіп-бағуға мiндеттi емес. Қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағу қамқорлыққа алынушының алатын жалақысы, алиментi және басқа да әлеуметтiк төлемдерi есебiнен, сондай-ақ оған тиесiлi мүлiктің есебiнен жүзеге асырылады.
Қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағуға жеткiлiктi қаражат болмаған кезде, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар оны күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындайды.
Қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы (жетім балаларды) және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындау тәртібін және төлеу мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Қорғаншылар немесе қамқоршылар өздерiнiң қамқорлығына алынғандарды күтіп-бағу, олардың күтімі мен емделуiн қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнінде қамқорлық жасауға мiндеттi. Көрсетілген мiндеттер сот әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған кәмелетке толған адамдардың және әрекетке толық қабілетті деп жарияланған кәмелетке толмағандардың қамқоршыларына жүктелмейдi.
4. Егер адам әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған негіздер жойылса, қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушыны әрекетке қабілетті деп тану туралы сотқа өтініш беруге міндетті.

126-бап. Баланың қорғаншысының немесе қамқоршысының
құқықтары мен міндеттері

1. Баланың қорғаншысы немесе қамқоршысы қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына, дене бітімі, психикалық, адамгершiлiк және рухани жағынан дамуына қамқорлық жасауға мiндеттi.
Көрсетілген міндеттер сот тәртібімен әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамдардың қамқоршыларына жүктелмейді.
Қорғаншы немесе қамқоршы баланың пiкiрi мен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның ұсынымдарын ескере отырып, сондай-ақ осы Кодекстің 72-бабында көзделген талаптар сақталған жағдайда, қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы баланы тәрбиелеудiң тәсілдерін өз бетінше айқындауға құқылы.
Қорғаншы немесе қамқоршы баланың пiкiрiн ескере отырып, баланың бiлiм алу ұйымын және оқу нысанын таңдауға құқығы бар және баланың міндетті орта бiлiм алуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Қорғаншы немесе қамқоршы қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы баланы өздерiнде заңды негiздерсiз ұстап отырған кез келген адамдардан, оның iшiнде баланың жақын туыстарынан қайтарып алуды сот арқылы талап етуге құқылы.
3. Мұндай араласу баланың мүдделерiне сай келмейтін жағдайларды қоспағанда, қорғаншы немесе қамқоршы баланың өз ата-аналарымен және басқа да жақын туыстарымен араласуына кедергі келтіруге құқылы емес.
4. Қамқорлыққа алынушылар білім беру ұйымында немесе медициналық ұйымда тәрбиеленуде немесе емделуде болған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандардың қорғаншылары немесе қамқоршылары өздерiнің қамқорлығына алғандармен бiрге тұруға мiндеттi. Бұл қамқорлыққа алынушының тәрбиесiне және оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауға қолайсыздық туғызбайтын болса, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның рұқсатымен қамқоршының он алты жасқа толған қамқорлыққа алынушыдан бөлек тұруына жол берiледi.
Қорғаншылар немесе қамқоршылар қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға тұрғылықты жерiнiң өзгергенi туралы хабарлауға мiндеттi.
5. Қорғаншы кемiнде алты айда бiр рет қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға қамқорлыққа алынушының денсаулық жағдайы туралы және оны тәрбиелеу жөнiндегi, сондай-ақ оның мүлкiн басқару жөнiндегi жұмыс туралы есептер беруге мiндеттi.

127-бап. Әрекетке қабілетті азаматтарды
қамқоршылыққа алу

1. Денсаулық жағдайына байланысты өз құқығын жүзеге асыра алмайтын және қорғай алмайтын және мiндеттерiн орындай алмайтын әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның өтiнiшi бойынша оған қамқоршылық белгiленуi мүмкiн.
2. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның келiсiмiмен ғана оған қамқоршы тағайындауы мүмкiн.
3. Әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған қамқорлыққа алынушыға тиесiлi мүлiкке билiк етудi қамқоршы қамқорлыққа алынушымен жасалған тапсырма шарты немесе мүлiктi сенiмгерлікпен басқару негiзiнде жүзеге асырады.
Қамқоршы қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағуға және оның тұрмыстық қажеттерiн қанағаттандыруға бағытталған тұрмыстық және өзге де мәмiлелердi жасасуды қамқорлыққа алынушының келiсiмiмен жүзеге асырады.
4. Әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның талап етуі бойынша оны қамқоршылыққа алу тоқтатылуы мүмкiн.
Қамқоршылыққа алынған адамның қамқоршысы осы Кодекстің 129-бабында көзделген жағдайларда өзiне жүктелген мiндеттердi орындаудан босатылады.

128-бап. Қамқорлыққа алынушының мүлкіне билік ету

1. Қамқорлыққа алынушының өз бетінше билiк етуге құқығы бар табыстарын қоспағанда, қамқорлыққа алынған адамның табыстарын, оның iшiнде қамқорлыққа алынушының мүлкiн басқарудан түскен оған тиесілі табыстарды тек қана қамқорлыққа алынушының мүддесінде және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатымен қорғаншы немесе қамқоршы жұмсайды.
Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатынсыз, қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушының табысы ретiнде оған тиесiлi, қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағу үшiн қажеттi сома есебiнен ең төмен күнкөріс шегінде шығыстар шығаруға құқылы.
Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының басшылары тәрбиеленушілердің алименттен, жәрдемақылардан түскен қаражаттарын және басқа да әлеуметтік төлемдерін банк шоттарынан алуға құқығы жоқ.
2. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатынсыз қорғаншы қамқорлыққа алынушының мүлкін иеліктен шығару, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту жөніндегі мәмілелерді жасасуға немесе оның атынан кепілгерлік, осы мүлікті жалға (жалдауға), өтеусіз пайдалануға беру немесе кепілге салу шартын, қамқорлыққа алынушының заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлікпен тиесілі құқықтарынан бас тартуына, оның мүлкін бөлуге немесе одан үлесті бөліп алуға әкеп соғатын мәмілелерді жасасуға, сондай-ақ қамқорлыққа алынушының мүлкін азайтуға әкеп соғатын кез келген мәмілелерді жасасуға, ал қамқоршы оларды жасасуға келісім беруге құқылы емес. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган көрсетілген мәмiлелердің нәтижесiнде қорғаншы алған қаражаттың қалай жұмсалуға тиiс екенiн айқындайды.
Қамқорлыққа алынушының мүлкiн басқару тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Мүлiктi қамқорлыққа алынушыға сый ретiнде немесе өтеусіз пайдалануға берудi қоспағанда, қорғаншының немесе қамқоршының, олардың жұбайлары мен жақын туыстарының қамқорлыққа алынушымен мәмiлелер жасасуға, сондай-ақ мәмiлелер жасасу немесе қамқорлыққа алынушы мен қорғаншы немесе қамқоршының жұбайы және олардың жақын туыстары арасында сот iстерiн жүргiзу кезінде қамқорлыққа алынушының атынан өкiлдiк етуге құқылы емес.
Қамқорлыққа алынушының қорғаншыға немесе қамқоршыға, оның жұбайына немесе туыстарына осы адам қорғаншы немесе қамқоршы болып тағайындалғанға дейін туындаған борыштары қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның рұқсатымен төленедi.

129-бап. Қорғаншыларды немесе қамқоршыларды өз
міндеттерін атқарудан босату және шеттету

1. Кәмелетке толмаған қамқорлыққа алынушы оның ата-аналарына немесе оны асырап алушыларға қайтарылған жағдайларда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қорғаншыны немесе қамқоршыны өз мiндеттерiн атқарудан босатады.
Қамқорлыққа алынушы тиісті білім беру ұйымына, медициналық және медициналық-әлеуметтік ұйымға немесе басқа да арнайы ұйымға орналастырылған кезде, егер бұл қамқорлыққа алынушының мүдделерiне қайшы келмесе, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган бұрын тағайындалған қорғаншыны немесе қамқоршыны өз мiндеттерiн атқарудан босатады.
2. Қорғаншы немесе қамқоршы дәлелдi себептер болған кезде (науқастануы, мүлiктiк жағдайының өзгеруi, қамқорлыққа алынушымен өзара түсiнiстіктің болмауы және басқалары) өз өтiнiшi бойынша немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның бастамасы бойынша өз мiндеттерiн атқарудан босатылады.
3. Қорғаншының немесе қамқоршының өз міндеттерін тиісінше атқармауына, оның ішінде қорғаншылықты немесе қамқоршылықты жеке басының мақсаттарына пайдалануына не қамқорлыққа алынушыны қадағалаусыз және қажетті көмексіз қалдыруына тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қорғаншыны немесе қамқоршыны осы міндеттерді атқарудан шеттетуге және қажетті шаралар қолдануға міндетті.

130-бап. Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты тоқтату

1. Қамқорлыққа алынушыны әрекетке қабiлеттi деп тану немесе қорғаншының немесе қамқоршының не қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның өтініші бойынша оның әрекет қабiлетi шектелуiнiң күшiн жою туралы сот шешiм шығарған жағдайларда кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық немесе қамқоршылық тоқтатылады.
2. Қамқорлыққа алынған жас бала он төрт жасқа толған соң оған қорғаншылық тоқтатылады, ал қорғаншылық мiндетiн жүзеге асырған адам бұл туралы қосымша шешiмсiз кәмелетке толмаған баланың қамқоршысы болады.
3. Қамқорлыққа алынушы он сегiз жасқа толған соң, сондай-ақ ол некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде кәмелетке толмаған балаға қамқоршылық ерекше рұқсатсыз-ақ тоқтатылады.

131-бап. Қорғаншылардың немесе қамқоршылардың
іс-әрекеттеріне шағым жасау

Қамқорлыққа алынушының мүддесінде оның тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органда не сотта қорғаншылардың немесе қамқоршылардың іс-әрекеттеріне шағым жасалуы мүмкін.

132-бап. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі
функцияларды жүзеге асыратын органның
шешімдеріне шағым жасау

Мүдделі тұлғалар барлық мәселелер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың шешімдеріне сот тәртібімен шағым жасауы мүмкін.

Тарау. ПАТРОНАТ

Бап. Патронат

1. Патронат нысанындағы қорғаншылық немесе қамқоршылық кәмелетке толмаған жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, оның ішінде білім беру ұйымдарындағы, медициналық немесе басқа да ұйымдардағы балаларға белгіленеді.
2. Баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген адам мен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган арасында жасалған баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт патронаттың туындауына негіз болып табылады.
3. Патронаттық тәрбие туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

134-бап. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру
туралы шарт

1. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт баланы күтіп-бағу, тәрбиелеу және білім беру жағдайларын, патронат тәрбиешілердің құқықтары мен міндеттерін, патронат тәрбиешілерге қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның міндеттерін, сондай-ақ мұндай шарттың тоқтатылу негіздері мен салдарларын көздеуге тиіс.
Бала патронат тәрбиешіге көрсетілген шартта көзделген мерзімге тәрбиелеуге беріледі.
Патронаттық тәрбиелеуге берілген әрбір балаға жеке шарт жасалады.
Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарттың мерзімі аяқталған жағдайда, оның отбасында болу мерзімін ұзарту жаңа шарттың негізінде жүргізіледі.
2. Патронат тәрбиешілердің еңбегіне ақы және оларға ақшалай төлем төлеу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
3. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт:
1) дәлелді себептері (науқастануы, отбасылық немесе материалдық жағдайының өзгеруі, баламен өзара түсіністіктің болмауы, балалар арасындағы жанжалдар және басқалар) болған кезде патронат тәрбиешілердің бастамасы бойынша;
2) баланы күтіп-бағу, тәрбиелеу және білім беру үшін қолайсыз жағдайлар туындаған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның бастамасы бойынша;
3) бала ата-анасына қайтарылған, туыстарына берілген немесе бала асырап алынған жағдайларда мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.

135-бап. Патронат тәрбиешілер

1. Патронат тәрбиешілердің тәрбиелеуге қабылдап алынған балаға қатысы бойынша қорғаншылар мен қамқоршылар сияқты құқықтары мен міндеттері болады. Оларға осы Кодекстің 122-бабында көзделген талаптар қойылады.
2. Патронат тәрбиешілерді іріктеуді қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен патронат тәрбиешілерге қойылатын талаптар туралы қағидаларға сәйкес жүргізеді.

Поделиться:





Читайте также:





Воспользуйтесь поиском по сайту:



©2015 - 2024 megalektsii.ru Все авторские права принадлежат авторам лекционных материалов. Обратная связь с нами...