Главная | Обратная связь | Поможем написать вашу работу!
МегаЛекции

Тарау. БАЛА АСЫРАП АЛУ




84-бап. Асырап алуға жол берілетін балалар

1. Тууы осы Кодексте белгіленген тәртіппен тіркелген және толық тән саулығы, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуын қамтамасыз ету мүмкіндіктері ескеріле отырып, кәмелетке толмаған балаларға қатысты тек қана солардың мүддесінде асырап алуға жол беріледі.
Бұл ретте баланың жас мөлшері, естиярлық дәрежесі және өзін асырап алуға келісімі ескеріледі.
2. Жалғыз ата-анасы немесе екеуі де:
1) қайтыс болған;
2) баладан бас тартқан;
3) ата-ана құқықтарынан айрылған және олар қалпына келтірілмеген;
4) баланы асырап алуға келісім берген;
5) сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған;
6) белгісіз болған жағдайда, балалар асырап алуға жатады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген балалар бастапқы, өңірлік сияқты, орталықтандырылған есепте тұрған жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан балалардың туыстарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға берілуі мүмкін.
4. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың орталықтандырылған есебінде тұрған балалар Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына және азаматтығына қарамастан балалардың туыстарына асырап алуға берілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың орталықтандырылған есебінде тұрған, егер туыстары, Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары баланы асырап алуы мүмкін болмаса ғана шетелдіктердің асырап алуына берілуі мүмкін.
Шетелдіктердің бала асырап алуы туралы істерді қараған кезде сот азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан баланың туыстарының не Қазақстан Республикасы азаматтарының осы баланы бірінші кезекте асырап алу құқығын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының іске асырғанын анықтауға міндетті.
5. Шетелдіктердің бала асырап алуына балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында Қазақстан Республикасымен тең мәнді халықаралық міндеттемелері бар елдердің азаматтарына ғана рұқсат етіледі.
6. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
7. Баланы асырап алуға беру туралы рұқсатты комиссияның қорытындысы негізінде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган береді.
8. Комиссияның қызмет тәртібі мен құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

85-бап. Балаларды асырап алуға тілек білдірген
адамдардың құқықтары мен міндеттері

1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, балаларды асырап алуға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтары баланы жеке өзі таңдауға, онымен кемiнде екі апта тiкелей қатынасуға, баланың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға баланы асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш беруге, сондай-ақ тұрғын үй жағдайларын тексеріп-қарау актісін, жиынтық табыс мөлшері, отбасы жағдайы, денсаулық жағдайы туралы, сотталмағандығы туралы анықтамалар ұсынуға міндетті.
2. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім-балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бір жасқа дейінгі балаларды асырап алуға тілек білдірген Қазақстан Республикасы азаматтарының бала асырап алудың рәсімдері аяқталғанға дейін балаларды қорғаншылыққа немесе патронатқа алуға құқығы бар.
3. Бала асырап алуға үміткер Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына баланы асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш, сондай-ақ арнайы уәкілетті шетелдік мемлекеттік органдар және бала асырап алу жөніндегі ұйымдар беретін, табыстары, отбасы жағдайы, денсаулық жағдайы, оның ішінде психикалық хал-жайы туралы, есірткіге (уытқұмарлыққа), алкогольге тәуелді еместігі туралы, сотталмағандығы туралы, ықтимал ата-аналардың жеке басының адамгершілік қасиеттері туралы анықтамалар береді. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына құжаттарды табыс еткеннен кейін және асырап алушы баланы асырап алуға келіскен жағдайда асырап алушы баламен кемiнде төрт апта тiкелей қатынаста болуға тиіс.

86-бап. Бала асырап алушының құқықтары мен
міндеттері

1. Бала асырап алушы баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына, дене бітімі, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қамқорлық жасауға міндетті.
РҚАО-ның ескертпесі!
2-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.03.2014 № 180-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
2. Бала асырап алушы баланың пікірі мен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның ұсынымдарын ескере отырып, баланы тәрбиелеу тәсілдерін өз бетінше айқындауға құқылы және осы Кодексте көзделген талаптарды сақтауға міндетті.
3. Бала асырап алушы баланың пікірін ескере отырып, ол міндетті жалпы орта білім алғанға дейін білім беру ұйымын және баланың оқу нысанын таңдауға құқығы бар.
4. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар бала он сегіз жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан жер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есептер ұсынуға міндетті.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар және шетелдік бала асырап алушылар Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бала он сегіз жасқа толғанға дейін алғашқы үш жылда әрбір алты ай сайын, кейінгі жылдары - жылына кемінде бір рет асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есептер ұсынуға міндетті.
Жекелеген жағдайларда, есептерді ұсыну кезеңділігі бала асырап алушылардың отбасында қалыптасқан нақты ахуалға байланысты Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының шешімі бойынша белгіленеді.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар және шетелдік бала асырап алушылар есептерді бала асырап алушы және бала тұрып жатқан елде орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арқылы ұсынады.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар және шетелдік бала асырап алушылар осы тармақта көзделген тәртіппен есептер ұсынбаған немесе уақытылы ұсынбаған жағдайда Қазақстан Республикасында бала асырап алу кезінде олардың мүдделерін білдірген бала асырап алу жөніндегі агенттіктің қызметі осы Кодекстің 112-бабы 8-тармағының 6) тармақшасында көзделген негіздер бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуға жатады.

87-бап. Бала асырап алу тәртібі

1. Бала асырап алуды бала асырап алуға тілек білдірген адамдардың (адамның) өтініші бойынша сот жүргізеді. Бала асырап алу туралы істерді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген ерекше іс жүргізу тәртібімен жүргізеді.
Сот балаларды асырап алу туралы істерді бала асырап алушылардың өздерінің, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік болып табылатын баланы асырап алған кезде баланың заңды өкілінің және бала азаматы болып табылатын мемлекеттің құзыретті органының келісімін, сондай-ақ бұл аталған мемлекеттің заңнамасына сәйкес қажет болса, асырап алуға баланың келісімін алуы қажет.
3. Бала асырап алушы азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын баланы асырап алуды жүргізуі оның тұратын жері бойынша жергілікті атқарушы органнан немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге кеткенге дейін оның ата-аналарынан асырап алуға алдын ала рұқсат алған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.

88-бап. Бала асырап алушылардың құқықтары мен
міндеттерінің басталу кезі

Бала асырап алушының және асырап алынған баланың құқықтары мен міндеттері бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап туындайды.
Баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде сот осы шешімнің үзінді көшірмесін бала асырап алу туралы сот шешімі шығарылған жер бойынша тіркеуші органға және шешім шығарылған жер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жіберуге міндетті.

89-бап. Асырап алуға жататын балаларды және
балаларды асырап алуға тілек білдірген
адамдарды есепке алу

1. Асырап алуға жататын балаларды есепке алу осы Кодекстің 117-бабының 5 және 6-тармақтарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар жүргізеді.
3. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға тiлек бiлдiрген шетелдiктердi есепке алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері жүргiзедi.

Поделиться:





Читайте также:





Воспользуйтесь поиском по сайту:



©2015 - 2024 megalektsii.ru Все авторские права принадлежат авторам лекционных материалов. Обратная связь с нами...