Главная | Обратная связь | Поможем написать вашу работу!
МегаЛекции

Жай кесімді силлогизм 3 страница




Дәл және жүйелі, дәйекті ойлап, пайымдау, сөйлеу процесінде логикалық қайшылыққа жол бермеу, жіберілген логикалық қателіктерді тез байқай білу, яғни, логикалық ойлау заңгерлердің қызметі үшін ерекше қажет, өйткені сот, тергеу жұмыстары аса дәлдікті, бұлтартпайтын дәлділікті талап етеді. Мысалы, тергеуші: «Н. Жауап алу кезінде боп-боз болып дірілдеп, қорқып кетті және ол бұрын түрмеде отырып келген адам, сондықтан бұл қылмысты жасаған да сол» деп қорытынды жасауына бола ма? Әрине, болмайды, өйткені тергеушінің келтірген дәлелдері Н-нің қылмыскер екенін негіздей алмайды. Оның дірілдеп, бозарып, кету қорқуының салдарынан емес, кінәсіз кінәланып отырғаны үшін іштей күйініп, ашу қысып отырғанынан болуы да мүмкін.

Көп жағдайда ойлау, пайымдау процесінде кететін логикалық қателер адамның өз ойының дұрыс немесе бұрыс құрылғанын қадағалай алмайтындығынан болады, өйткені ол логикалық заңдарды, ережелерді білмейді. Ал логикалық ережелерді білу ойлауда, пікірлеуде орын алған қайсыбір қателерді оп-оңай байқауға көмектеседі.Беркли деген американдық логиктің келтірген мына мысал бола алады.Бір американдық сенатор өзінің сөйлеген сөздерінде: «Коммунистердің бәрі маған тиісе береді. Ол да маған тиісе береді. Олай болса – ол коммунист» деген ойқорытынды жиі-жиі айтады екен. Сонда Беркли сенатордың бұл пайымдауын: «Барлық көбелек құрты капустаны жейді. Мен де капуста жеймін. Олай болса, мен көбелек құртымын» деген пайымдаумен бірдей деп сынайды.

Сенатордың бұл логикалық қатесінің шын себебі логиканың ережелерін білмеу емес, коммунистерге деген өшпенділігі болуы да мүмкін. Алайда, бұл сияқты қателер өмірде жиі кездеседі және олар, әдетте, логикалық ережелерді білмеуден, логикалық ойлау мәдениетінің төмендігінен туады. Ал логикалық ойлау мәдениеті – жалпы адамзаттық мәдениеттің бір саласы. Логикалық формалар мен заңдарды берік меңгеріп, ойлаудың логикалық мәдениетін көтеру қоғам мүшелерінің ғылыми-материалистік көзқарасын қалыптастырудың алғышарты болып табылады.

Әрбір адамның логикалық ойлау мәдениеті немен анықталады және оның дәрежесін қалай көтеруге болады? Оны анықтайтын факторлар толып жатыр. Олардың ішінде тұқым қуалаушылық арқылы ата-бабаларынан қонатын қабілеттілік те бар. Адамның жеке басының дамып жетілу барысында ұдайы әсер етіп отыратын қоршаған әлеуметтік орта, оқу-тәрбие ісі, т.б. бәрі ойлау, сөйлеу қабілетінің дамуына ықпалын тигізеді.

Логикалық ойлау мәдениетіне әсер ететін факторлардың ішінде қоршаған әлеуметтік ортаның алатын орны ерекше. Бұл жерде біз ойлау мәдениеті мен сөйлеу мәдениетінің арасындағы аналогияға тағы да тоқталуға мәжбүрміз. Адам басқа адамдармен қарым-қатынаста сөйлеуге үйренетіні сияқты, ойлауға да үйренеді. Бұл әсіресе, балалық шақта күшті болады. Алайда, ғылымның дәлелдеуінше,әлеуметтік ортаның әсері бүкіл өмір бойы тоқтамайтын көрінеді. Адам белгілі бір саяси, адамгершілік, эстетикалық ортада тәрбиеленіп, соларға сәйкес сенімі мен көзқарасын қалыптастыратыны сияқты, белгілі бір логосферада (логикалық ортада) өсіп, тәрбиеленіп, логикалық ойлауға дағдыланады, логикалық ойлау мәдениетін қалыптастырады.

Адамдардың логикалық ойлау тәсілдері бір-біріне тікелей тілдесу арқылы ғана емес, сонымен бірге жанама жолдармен де әсер етедіғ яғни, кітап, газет, журналдар оқу, теледидар, радио хабарларын тыңдау және көру арқылы да логикалық ойлау әдіс-тәсілдері қалыптасады. Дегенмен, логосфераның ықпалымен логикалық ойлау мәдениетін қалыптастыру саналы іс-әрекет емес, стихиялық сипаттама жүзеге асады. Мұнда адам хабар иесінің ойлау процесі логикалық заңдар мен ережелерге сәйкес келе ме, келмей ме, ол жайында ойланбайды да, оның ішкі құрылымына талдау жасамайды да.

Бірақ, мұндай жағдайда кейде ойлауда кеткен логикалық білімі болмаса да іштей сезуге болады. Мәселен, «діншіл деп діни сенімдегі адамды айтамыз» деген анықтаманы оқыған не болмаса естіген адам бұл анықтаманың бір кемшілігі бар екенін сезеді, бірақ ол қандай қате екенін логика тілімен айтып бере алмайды. Ал логиканың тілін білетін адам бірден «бұл анықтамада кеткен қате татология», яғни, «анықтамадағы шеңбер» деп аталатынын бірден айтар еді. Демек, логиканың қарапайым курсын оқытудың нәтижесінде меңгерген азды-көпті логикалық білімі бар адам ойлаудың дұрыс немесе бұрыстығын анықтауды сауатты әрі тез іске асырады, ойлауда кеткен қателік себебі туралы жорамал, болжамдар айтып жатпайды.

ІІ ТАРАУ

ҰҒЫМ

2.1.Ұғымның мәні

Ойлау дегеніміз – сыртқы дүниедегі заттардың, құбылыстардың жалпы мәнді қасиеттері мен байланыстарының адам миындағы бейнеленуі екенін біз өткен тараудан білеміз.

Айналадағы болмыстың құбылыстары мен заттары логикада ойдың нәрселері деп аталады. Мысалы, біздің ойымыздың нәрселері: қарындаш, егіс өнімі, оқушы, биіктік, қозғалыс, тағы сол сияқтылар.

Заттардың, құбылыстардың әр түрлі қасиеттері болады. Олар логикада белгілер деп аталады. Мысалы, қарындаштың белгілі бір ұзындығы, оның түсі, жазу құралы болу қасиеті және т.б. белгілері. Нәрселер белгілеріне қарай бір-бірінен өзгеше немесе бір-біріне ұқсас болады.

Ұғым дегеніміз – нәрселер тобының бәріне ортақ жалпы мәнді белгілерін бейнелейтін ойлау формасы.

Мысалы, «құйрықты жұлдыз» біздің ұғымымызда оның мынадай белгілері бейнеленеді: 1) жұлдыз; 2) өте сирек кездесетін газдардан тұрады; 3) күнге жақындаған сайын бірте-бірте жарқыраған құйрығы көрінеді.

Осы аталған үшбелгі құйрықты жұлдыздарға ортақ және мәнді белгі болып табылады.

Екінші мысал. «Ақуыздар» деген ұғымда мынадай жалпы ортақ, мәнді белгілер бейнеленеді: 1) органикалық заттар; 2) олардың молекулалары әр түрлі амин қышқылдардың көп мөлшерде қосылған қалдықтарынан тұрады.

Мәнді белгі дегеніміз – нәрсенің негізгі, аса маңызды қасиетін көрсететін белгі; Мысалы: химиялық элементтің мәнді белгісі – атомның құрылысы, ал мәнді емес белгілері – әр түрлі физикалық күйі, сыртқы формасы, тағы басқалары.

Ұғымдар тек болмысты дұрыс бейнелей алса ғана ақиқат ұғым болады. Егер бір ұғым болмысты дұрыс бейнелемей, бұрыс бейнелесе, онда ол жалған ұғым болады. Жалған ұғым, мысалы, теория мен тәжіибенің байланысы бұзылғанда пайда болады.

Дұрыс ұғымдар адамдардың еңбек әрекетінің процесінен шығады; ондай ұғымдардың болмыстағы нәрселер мен құбылыстарға сәйкестігі адамның іс-әрекетімен тексеріледі.

2.2. Ұғым және сөз

Әрбір басқа ой сияқты, ұғым да тілдік материал, тілдік терминдер мен сөздердің негізінде туып, өмір сүреді. Сөз - ұғымның тілдік қабығы. Мысалы, жалпы мектеп туралы ұғым "мектеп" деген сөзбен айтылады. Ал біздің ойлағанымыз жалпы мектеп болмай, біздің оқып жүрген мектебіміз туралы болғанда, онда ой: "біздің мектеп" немесе "біз оқып жүрген орта мектеп" деген сөз тіркесімен айтылады. Бір ұғымды білдіретін сөз немесе сөздер тобы есім деп аталады.

Жоғарыда келтірілген мысалды ойлау нәрсесі болып тұрған - мектеп. Ой нәрсесін көрсетіп тұрған "мектеп" деген сөзден басқа онда: "орта", "біз оқып жүрген" деген сөздер де бар. Бұл сөздер нәрсенің белгілерін көрсетеді. Бірақ біздің мысалымызда мектеп деген сөзге баяндауыш болатындай сөз жоқ. Демек, сөздердің бұл тобы сөйлем емес, олар бір ұғымды білдіретін сөздер тіркесі ғана.

Көбіне бір ұғымды бір немесе бірнеше сөздермен айтуға болады: Мысалы: "оқушы бала" бір сөзбен айтылған "оқушы" деген ұғымды көрсетеді. Басқа мысал: "кітап оқып отырған бала".

Тұлғасы бірдей сөздердің түрлі ұғымдарды көрсету үшін қолданылатын кездері де болады. Мысалы: аяқ-ыдыс мағынасында қолданылады, аяқ - орындықтың аяғы, аяқ - малдық аяғы, т.б. Осындай омоним сөздер дұрыс қолданылмаса, ұғымдар ауысып кетіп, пікір қателігі орын алады.

2.3. Ұғымдардың мазмұны мен көлемі

Әрбір ұғымның мазмұны мен көлемі болады.

Ұғымның мазмұны дегеніміз - нәрселер тобының мәнді белгілерінің жиынтығы туралы білім.

"Адам" деген ұғымға мынадай мәнді белгілер кіреді: еңбекке қабілеттілік, абстрактылы ойлау мен сөйлеуге қабілеттілік. Сөйтіп, ұғымның мазмұны дегеніміз - сол ұғым қамтыған нәрселердің мәні, олардың қасиеттері туралы білім.

Егер ұғымның мазмұны болмысты дұрыс бейнелесе, болмысқа сәйкес болса, онда ондай ұғым ақиқат болады. Ал керісінше болса, ол ақиқат емес, жалған болып шығады.

Адамдардың дүниені тереңірек танып білуіне байланысты ұғымдардың мазмұны жаңа белгілермен байиды, ұғымдардың ескірген белгілері ұмытыла береді. Мысалы, атом туралы ұғымның мазмұны екі мың жылдан астам уақыттың ішінде өзгеріп, оның құрылысы туралы мазмұны жаңа білімдермен толыға түседі. Демокрит атомды материяның одан әрі бөлінбейтін ең ұзақ бөлшегі деп түсінсе, XIX ғасырдың аяғында атом электроннан және ядродан тұратын күрделі бөлшек екендігі ашылды, ал қазір атом 300-ден астам ұсақ бөлшектерден тұратын күрделі құрылыс екені анықталды. Сөйтіп, атом жайындағы ұғым тереңдей әрі толыға түсті.

Ұғымдарда нәрселердің белгілері жайында білім болумен бірге, сол ұғымның қандай нәрселерді қамтитыны туралы да білім болады. Басқаша айтқанда, әрбір ұғымның мазмұнымен қатар оның көлемі де болады.

Ұғымның көлемі дегеніміз - ортақ мәнді белгілері сол ұғымда бейнеленген нәрселердің тобы туралы білім. Мысалы, "горизонт" деген ұғымның көлемі сол ұғым қамтып тұрған көкжиектің барлық бөлімдерінен құралады: солтүстік, оңтүстік, шығыс, батыс.

Нәрселердің мұндай топтары түрліше болуы мүмкін. Мысалы "өсімдік" деген ұғым өсімдіктердің сансыз көп, шексіз топтарын қамтиды. Ұғымдардың тек бір ғана нәрсені қамтитындары да болуы мүмкін: мысалы, осы күнгі Қазақстан туралы немесе Жер ортасы туралы ұғымдар жеке-дара нәрселерді бейнелейді.

2.4. Ұғымдардың мазмұны мен көлемі арасындағы кері қатынас

Ұғымдардың мазмұны мен көлемі арасында белгілі бір қатынастар болады. Ол қарым-қатынасты мысалмен қарастырайық. "Омыртқалылар" деген ұғымның көлемі омыртқалы жануарлардың барлық түрлерін қамтиды, ал мұның мазмұны омыртқалыларға тән белгілер болады. Көлемі бұдан кішірек "сүтқоректілер" ұғымын алайық. Бұл ұғым көлемінің қамтитыны омыртқалылардың барлық түрлері емес, тек олардың бір бөлігі ғана, олай болса, бұл ұғымның көлемі кішірейді.

Жаңа белгілердің есебінен ұғымның мазмұны кеңи түседі. Мысалы, қайыңның қандайы болсын ағаш, демек "қайың" ұғымының ішінде "ағаш" деген ұғымның барлық белгілері бар. Бірақ қайыңның тек өзіне ғана тән ерекше белгілері де бар. Олай болса, "қайың" деген ұғымның мазмұнындағы белгілер "ағаш деген ұғымның мазмұнындағы белгілердін көбірек. Бірақ көлемі жағынан қайыңның ұғымы ағаштың ұғымынан тарлау.

Сөйтіп, көлемі кең ұғымдардың мазмұны тарлау болады. Ұғымдардың мазмұны мен көлемінің арасындағы байланыс, міне, осындай. Бұл байланыстың заңдылық маңызы бар, мұны ұғымдардың мазмұны мен көлемінің кері қатынас заңы деп атайды. Ол заң былай айтылады: ұғымның мазмұны неғұрлым кең болса, оның көлемі соғұрлым кең болады.

"Кері қатынас" заңы тек біреуі екіншісінің көлеміне кіретін ұғымдарға ғана жүреді.

Бірақ бұл айтылған заңнан мазмұны кеңірек, яғни, жалпырақ ұғымдардың біз үшін құны кемірек деген мағына шықпайды, тек мәнді белгілердің саны азады. Жалпы ұғымдар объективтік дүние нәрселерінің және құбылыстарының жалпы қасиеттерін, байланыстарын және заңдылықтарын бейнелейді.

2.5. Ұғымдарды шектеу және жалпылау

Күнделікті ойлау практикасында біз ұғымды жалпылау және ұғымды шектеу деп аталатын логикалық тәсілдерді жиі қолданамыз.

Ұғымдарды жалпылау дегеніміз - жалпылығы кемірек ұғымнан жалпылығы кеңірек ұғымға қарай көшу.

Ұғымды шектеу дегеніміз - жалпылығы кеңірек ұғымнан жалпылылығы кемірек ұғымға қарай көшу.

Осыған сәйкес (кері қатынас заңы бойынша) ұғымның мазмұны өзгереді.

Ұғымды шектеу процесін мынадай мысалмен қарастырайық: Натрийдің не екенін түсіндіру үшін, түсіндіруді - жалпы элементтің өзінің не екенін ескертуден бастап, онан соң "элемент" ұғымына металға тән кейбір белгілерді енгізуге болады. Бұл белгілерді енгізу ісі "элемент" деген ұғымның көлеміне шек қояды, сонымен қатар көлемі кіші басқа ұғым - "металл" ұғымы шығады.

Осыдан кейін "металл" ұғымына натрийге тән белгілерді енгізіп,бізсонымен қатар "металл" ұғымын да тарылтамыз (шек қоямыз), яғни, оның орнына жалпылылығы кемірек ұғым - "натрий" ұғымын береміз.

Сөйтіп, ұғымды шектеу процесі жалпылығы кеңірек ұғымдардан жалпылығы кемірек ұғымдарға бірте-бірте көшу болып табылады.

Ұғымдарды шектеу процесінде жалпылығы кеңірек ұғымдардан жалпылығы кемірек ұғымдарға қарай көше келіп, біз ақырында көлемі бірге тең жеке ұғымдарға, демек, одан әрі шектеуге көнбейтін ұғымдарға жетеміз. Ондай ұғымдар жеке-дара нәрселерді көрсететін және көлеміне қарай ең шегіне жеткен тар ұғым болып табылады. Ондай ұғымдардың мысалдары: "Каспий теңізі", "Қазақстан Республикасы", "Алматыдағы Әл-Фараби атындағы көше".

Ұғымды жалпылау әдісі шектеуге кері процесс болып табылады. Ұғымды жалпылаған кезде оның бірсыпыра белгілерін алып тастай отырып, біз жалпылығы кеңірек ұғымдарға көше береміз. Мысалы, "қазақ" деген ұғымнан "мұсылман" деген ұғымнан "адам" деген ұғымға көшеміз.

Ұғымды жалпылау процесінде, біз қарастырып отырған нәрсеге өзгеше қасиеті бар жаңа нәрселер қосылғандықтан ұғым барған сайын кеңи береді.

Ұғымдарды жалпылау әдісін ғылым кең түрде пайдаланады, өйткені ғылым әрдайым нәрселердің жалпы қасиеттеін ашуға талпынып отырады.

Ұғымдарды жалпылағанда, көлемі тарлау ұғымнан көлемі кеңірек ұғымға көше отырып, біз ақырында әрі қарай жалпылауға болмайтын, көлемі шегіне жеткен кең ұғымдарға барып жетеміз.

Ондай ұғымдар категориялар деп аталады.

Категориялардың мысалдары: "материя" "уақыт", "қозғалыс", "кеңістік", "мөлшер", "форма", т.б. Категориялар философиялық және жеке ғылымдар категориясы болып екіге бөлінеді. Келтірілген мысалдар философиялық категорияларға жатады. Сондай-ақ әрбір ғылым өзінің категориялар жүйесін (математикалық, биологиялық, т.б.) жасап алады. Мұндай категориялар жүйесін жасап алмайынша, ешбір ғылым ойдағыдай дамып, өмір сүре алмайды, өйткені олар сол ғылымдағы зерттеулерді жүйелі түрде жеткізуге көмектеседі.

2.6. Тектік және түрлік ұғымдар

Шектеу процесінде де, жалпылау процесінде де бәрталай ұғым шығатынын, олардың кейбірінің көлемі (жалпылығы) кеңірек, ал басқаларының көлемі кемірек болатынын көрдік.

Жалпылығы кеңірек ұғымдар тектік ұғымдар, жалпылығы кемірек ұғымдар түрлік ұғымдар деп аталады.

Бірталай ұғымдарды алып қарайық: "қала" - "астана" - "оңтүстік астана" - "Алматы". "Қала" деген ұғым "астана" деген ұғымға қарағанда тектік ұғым, ал "астана" деген ұғым "Алматы" деген ұғымға қарағанда тектік ұғым болады. Бірақ осы ұғымдардың өздері басқа қатынастары да тұрады: "Алматы" деген ұғым "астана" деген ұғымға түрлік ұғым болады, ал "астана" деген ұғымның өзі "қала" деген ұғымға түрлік ұғым болып, ал "Алматы" деген ұғымға тектік болып табылады.

Сөйтіп, бір уақыттың ішінде бір ұғымның өзі әрі түрлік ұғым, әрі тектік ұғым бола алады, бірақ олар түрлі қатынаста алынады. Жалпылығы кемірек ұғымға қарағанда ол тектік болып, ал жалпылығы кеңірек ұғымға қарағанда түрлік болады. Жоғарыда келтірілген мысалда "астана" деген ұғым "қала" деген ұғымға түрлік болы, ал "Алматы" деген ұғымға тектік болып табылады.

Тек пен түр әрқашан өзара байланысты. Тек пен түр бұл өзара байланысты нәрселердегі жеке мен жалпының байланысын бейнелейді, атап айтқанда, объективтік дүниенің әрбір нәрсесінде оны бір текті нәрселермен біріктіретін жалпы қасиеттері де және өзінің өзгеше қасиеттері де болады. Мысалы, алма дегеніміз жеміс (алмаларға және басқа жемістерге тән жалпы қасиет), бірақ алманың басқа жемістерде жоқ, өзіндік ерекше қасиеттері бар; қарағай дегеніміз ағаш (жалпы қасиет), бірақ қарағайдың өзінің де ерекше, тек қарағайға тән және басқа ағаштардан оны айырып тұратын қасиеттері болады.

Жалпы ортақ қасиеттер тек жеке нәрселерде ғана болады. Сонымен қатар жалпы қасиеттер - жеке нәрселердің белгілері.

2.7. Ұғымдардың түрлері

Ұғымдар көлеміне қарай дара (жеке) және жалпы ұғымдар болып бөлінеді.

Дара ұғымдар - жеке нәрселер туралы ұғым. Мұндай ұғымдарға мыналар мысал бола алады: "Алматы қаласы", "дүние жүзіндегі ең терең көл" және т.б.

Жалпы ұғымдарда толып жатқан біртекті нәрселер бейнеленеді. Мысалы: "жұлдыз", "кітап", "мектеп", "өлең", "егіс өнімі" және т.б. Бұл ұғымдардың әрқайсысы біртекті нәрселердің үлкен тобын қамтиды.

Жалпы ұғымның қамтыған нәрселерінің саны шекті немесе шексіз болуыда мүмкін. Мысалы, "кеме" деген жалпы ұғым бұрын болған, осы кезде бар және келешекте болатын кемелердің барлығын қамтиды.

Көлемі шектелген жалпы ұғымдарға мыналар жатады: "Қазақстанның қалалары", "Абайдың шығармалары", "ХХ ғасырдың ғалымдары".

Жалпы және дара ұғымдар жинақтаушы ұғымдар болуы да мүмкін.

Жинақтаушы ұғымдар дегеніміз - біртекті нәрселерді ойда біріктіріп, тұтасқан бір нәрсе түрінде бейнелейтін ұғымдар.

Мысалы: "орман" (ағаштар), "кітапхана" (кітаптар), "жиналыс" (оқушылар жиналысы).

Жинақтаушы ұғымдардың ерекшелігі сол, оларды осы жинақтаушы ұғымда ойға түсетін жеке нәрселердің әрқайсысына қолдануға болмайды. Мысалы,"орман", деген ұғымды жеке ағаш туралы, "жиналыс" деген ұғымды жеке оқушы үшін қолдануға болмайды.

Жинақтаушы ұғымдарды нәрселердің бір ғана жиынтығына немесе сондай жиынтықтардың барлығына қатысты айтуға болады. Бірінші жағдайда - жинақтаушы дара ұғым, екінші жағдайда - жинақтаушы жалпы ұғым болады. Мысалы, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университеті туралы ұғым - жинақтаушы дара ұғым, ал университет туралы ұғым (жалпы алғанда) жинақтаушы жалпы ұғым, өйткені ол көп университеттерді қамтиды.

Жинақтаушы жалпы ұғымдардың мысалдары: "топ", "топ жұлдыз", "ұжым", "полк", "халық", "тобыр", "тап" және т.б. Жинақтаушы дара ұғымдардың мысалдары: "Жетіқарақшы", "ҚазМҰУ қызметтерінің ұжымы".

Ұғымдар нені бейнелейтініне, заттар мен нәрселердің өзін бе, әлде олардың қасиет, сапасын бейнелей ме, сонысына қарай нақты және абстрактылы болып екіге бөлінеді.

Нәрсенің өзін немесе олардың тобын бейнелейтін ұғымдар нақты ұғымдар деп аталады. Мысалы, "кітап", "куә", "мемлекет", "айыптаушы", т.б. Заттар мен құбылыстардың сапасын, қатынасын, қасиеттерін, т.б. бейнелейтін ұғымдар абстрактылы ұғымдар деп аталады. Мысалы, "ерлік", "дәрменсіздік", "салмақ", "шексіздік", "қылмыстылық", т.б. Нақты және абстрактылы ұғымдардың арасындағы айырмашылық сол, нақты ұғымның объектісін тұтас нәрсе ретінде сезім мүшелері арқылы қабылдауға болады, ал нәрседен бөлек өмір сүре алмайтын қасиет, қатынастардербес ой объектісі ретінде абстрактылы ұғым болып бейнеленеді. Мәселен, батырды (адамды) көре аламыз, ал батырлықты, ерлікті тікелей өзін тікелей көре алмаймыз, басқа құбылыстардың көмегімен түсінеміз.

Ескерте кететін бір жағдай, нақты ұғымдарды жекеше ұғымдармен, абстрактылы ұғымдарды жалпы ұғымдармен шатастырмау керек. Ұғым жалпы, сонымен бірге абстрактылы, нақты да болуы мүмкін. Мысалы "ағаш" - жалпы, бірақ нақты ұғым. Ал "ерлік" - жалпы әрі абстрактылы ұғым. "Төлеген Тоқтаровтың ерлігі" - жекеше абстрактылы ұғым, т.б.

Поделиться:





Читайте также:





Воспользуйтесь поиском по сайту:



©2015 - 2024 megalektsii.ru Все авторские права принадлежат авторам лекционных материалов. Обратная связь с нами...