Главная | Обратная связь | Поможем написать вашу работу!
МегаЛекции

Бап. Алимент бойынша берешектi белгiлеу




1. Алимент төлеу жөнiндегi келiсiм негiзiнде немесе атқару парағының негiзiнде өткен кезең үшiн алимент өндiрiп алу атқару парағы немесе нотариат куәландырған алимент төлеу туралы келiсiм табыс етiлгеннен бұрынғы үш жыл мерзiм шегiнде жүргiзiледi.

2. Атқару парағы негiзiнде немесе нотариат куәландырған келiсiм негiзiнде алимент ұстау алименттi төлеуге мiндеттi адамның iздестiрiлуiне байланысты жүргiзiлмеген жағдайда, осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiмге қарамастан және асырап-бағуға алимент төлеу белгiленген адамның кәмелетке толғанына қарамастан, алимент бүкiл кезең үшiн өндiрiп алынады.

3. Берешек мөлшерiн сот шешiмiнде немесе алимент төлеу туралы келiсiмде белгiленген алимент мөлшерiн негiзге ала отырып, сот орындаушысы анықтайды.

4. Осы Заңның 125-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетiн алимент бойынша берешектiң мөлшерi алимент төлеуге мiндеттi адамның алимент өндiрiп алынбаған кезеңдегi табысы мен өзге де кiрiсi негiзге алына отырып анықталады. Егер алимент төлеуге мiндеттi адам осы кезеңде жұмыс iстемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кiрiсiн куәландыратын құжат тапсырылмаса, алимент бойынша берешек сол берешектi өндiрiп алу кезiндегi Қазақстан Республикасындағы орташа жалақы мөлшерi негiзге алына отырып анықталады. Егер берешектi бұлайша анықтау тараптардың бiрiнiң мүддесiне елеулi түрде нұқсан келтiрсе, онда мүддесiне нұқсан келтiрiлген тарап сотқа жүгiнуге құқылы, ол тараптардың материалдық және отбасы жағдайын, басқа да назар аударарлық мән-жайларды ескере отырып, берешектi тұрақты ақша сомасында анықтауы мүмкiн.

5. Сот орындаушысының алимент бойынша берешектi анықтауымен келiспеген жағдайда кез келген тарап заңдарда көзделген тәртiппен сот орындаушысының әрекетiне шағымдана алады.

6. Алимент төлеуден жалтарып жүрген ата-ананы iздестiру кезеңiнде төленген, балаға заңдарда белгiленген ай сайынғы жәрдемақы сомалары сол ата-аналардан төленген сомалардың он процентiн бюджет кiрiсiне есептеу арқылы өндiрiп алынады.

156-бап. Алимент бойынша берешектi төлеуден босату

1. Алимент бойынша берешектi төлеуден босату немесе тараптардың келiсiмi бойынша алимент төлеген кезде осы берешек, кәмелетке толмаған балаларға алимент төлейтiн жағдайларды қоспағанда, тараптардың өзара келiсуi бойынша азайтылуы мүмкiн.

2. Алимент төлеуге мiндеттi адамның талап-арызы бойынша сот, егер алимент оның сырқаттануына байланысты немесе басқа да дәлелдi себептер бойынша төленбегенiн, оның материалдық және отбасы жағдайы алимент бойынша пайда болған берешектi өтеуге мүмкiндiк бермейтiнiн анықтаса, оны алимент бойынша берешектi төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы.

157-бап. Алименттi уақтылы төлемегенi үшiн жауапкершiлiк

1. Алимент төлеу туралы келiсiм бойынша алимент төлеуге мiндеттi адамның кiнәсiнен берешек пайда болған жағдайда кiнәлi адам сол келiсiмде көзделген тәртiппен жауапты болады.

2. Сот шешiмi бойынша алимент төлеуге мiндеттi адамның кiнәсiнен берешек пайда болған жағдайда кiнәлi адам алимент алушыға кешiктiрген әр күнi үшiн төленбеген алимент сомасының оннан бiр процентi мөлшерiнде тұрақсыздық айыбын төлейдi.

Алимент алушы алимент төлеуге мiндеттi, алименттiң уақтылы төленбегенiне кiнәлi адамнан алименттiк мiндеттемелердi орындауды кешiктiруден келтiрiлген бүкiл залалының тұрақсыздық айыбымен жабылмаған бөлiгiн де өндiрiп алуға құқылы.

158-бап. Алименттi есептеуге және керi өндiрiп
алуға жол берiлмеуi

1. Алименттi басқа қарсы талаптармен есептеуге болмайды.

2. Төленген алимент сомасын:

1) алимент алушының жалған мәлiметтер хабарлауына байланысты немесе оның қолдан жасалған құжаттар беруiне байланысты алимент өндiрiп алу туралы сот шешiмiнiң күшi жойылған;

2) алимент алушы тарапынан алдау, қорқыту немесе күш көрсетiп ықпал жасау салдарынан алименттi төлеу жөнiндегi келiсiм жарамсыз деп танылған;

3) сот шешiмiнiң, алимент төлеу туралы келiсiмнiң немесе атқару парағының қолдан жасалу фактiсi негiзiнде алимент төленгенi сот үкiмiмен анықталған жағдайларды қоспағанда, керi талап етуге болмайды.

3. Егер осы баптың 2-тармағында келтiрiлген әрекеттердi кәмелетке толмаған баланың немесе кәмелетке толған әрекетке қабiлетсiз алимент алушының өкiлi жасаған болса, алимент керi өндiрiлiп алынбайды, ал төленген алименттiң сомасы алимент төлеуге мiндеттi адамның талабы бойынша кiнәлi өкiлден өндiрiп алынады.

Поделиться:





Читайте также:





Воспользуйтесь поиском по сайту:



©2015 - 2024 megalektsii.ru Все авторские права принадлежат авторам лекционных материалов. Обратная связь с нами...